Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Құдайберген: Не өзі кәсіпкер емес, не мұғалім емес "инфосығандар" ақша үшін бизнесті үйретіп жүр

Алматы қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов балалық шағы мен кәсібі, қазіргі кәсіп жайлы дәріс өткізіп жүргендер туралы ашыла айтты. Кәсіпкер ақшаны көздеген “инфосығандар” туралы сөз етті. 

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды. 

Алматы қаласында туып-өскен кәсіпкер балалық шағынан ерте есейгенін айтады. Ата мен әженің тәрбиесінде өскен. Қазақы отбасында тәрбиеленген. Қаланың жігіті болғаныммен қазақы тәрбие алдым дейді ағынан жарыла. 

“Мен ата-әженің қолында өстім. Кемпір-шалдың баласымын. Әжем мінезді кісі. Атам жуас болғаныммен өз дегенін істейтін адам. Мен қалада туып-өскенмін. Бірақ қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбие алдым. Отбасында қазақы салт-дәстүрді берік ұстанамыз. Қазақылықтан айныған емеспіз. Менің әйелім орысша сөйлейді. Ол да қаланың қызы. Бірақ салмақты, артық сөзі жоқ. Ұрысқа жоқ адам. Қазір әйеліме қазақ тілін үйретіп жүрмін”, – дейді кәсіпкер. 

Қайрат мырзаның айтуынша, ол бала күнінде ойынға емес, саудаға көп икемделген. 



“Кейін ерте бай болған адамдар, жетістікке жеткендердің балалық шағы болмаған деп жатады. Мен де бала күнімде көп ойнаған жоқпын. Басқа балалар ойнап жүргенде, мен сауда жасайтынмын. Қарбыз саттық, көкөніс, ет саттық. Балалар мен мұғалімдерден тығылып сауда жасадық. Базарда тұрдық. Тіпті ол үшін ұялып, мұғалімдерді көрсем жасырынып қалатынмын. Бірақ кейін мұның еңбек екенін ұқтым. Ол үшін ұялмау керек екен. Керісінше болар баланың бетін қақпа, белін бу дейді қазақ. Баланы жастайынан үйрету керек”, – деді ол.

Құдайбергенов қазіргі инфосығандар жайлы өз ойын айтты. Олардың бизнесіне қарсы шықты. 

“Қазір не кәсіпкер емес, не саудагер емес, не психолог не мұғалім емес біреулер бизнес жасап жүр. Яғни, өзі жасап көрмеген нәрсені біреуге үйретіп жүр. Кәсіпкерлердің өмірін үйретеміз, мотивация береміз дейді. Оларды иннфосығандар деп атаймын. Себебі, олардың көздегені ақша ғана. Біреудің өмірін үйрету арқылы кәсіп жасай алмайсың. Кәсіпті өзің жасағанда ғана жүзеге асады. Біреудің өмірі маңызды емес. Барлық кәсіпкер қателеседі, бәрі шығынға ұшырайды, бәрі аяққа тұрады, қайта істейді. Бұл біріншіден несібеңе байланысты, сосын еңбегіңе байланысты. Кәсіпті жасаймын деген адам өзі үйренеді. Жасау барысында үйренеді. Біреу солай істепті, мен де соны жасаймын немесе оның қателігін жасамайын деген қағида кәсіпкерлікте жоқ”, – дейді алматылық кәсіпкер. 

Еске салайық, 22-сі күні таңертең Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды. 

Алматы прокуратурасы қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің қандай күдікке ілінгенін айтқан. Күні кеше кәсіпкерді қамауға алу мерзімі бір айға ұзартылды.

Талқылау