"Төтеп беру оңай болған жоқ": Минималды есеппен жеңіске жеткен словениялықтар Астанада қиын ойын болғанын мойындады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің алғашқы ойынында Словения құрамасына есе жіберді. Ойынның бірінші бөлігінде жеңіліп жатып, екінші таймда екі гол салып кеткен словениялықтар қазақ футболына жоғарып баға беріп, Астанада қиын ойын өткізгенін мойындады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Астана Арена" стадионында өткен кездесу 1:2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталған. Ойынның 24-минутында "Ақтөбенің" шабуылшысы Максим Самородов Ян Вороговскийдің қапталдан берген пасын сәтті қабылдап, Облактың қақпасының кілтін тапқан. Бірақ қазақстандықтардың қуанышы ұзаққа созылмады, екінші таймның 47-минутында бұрыштамадан асырылған допты голға айналдырған Давид Брекало есепті теңестірді. Ал 78-минутта қонақтар алаң иелерін екінші рет қапы қалдырды. Петар Стоянович бір паспен Қазақстан құрамасының бүкіл қорғанысын кесіп тастады да, допты қабылдаған Жан Випотник Шацкийдің қақпасын дәл көздеді.
Испанияның "Атлетико Мадрид" клубында өнер көрсететін Ян Облак ойыннан кейін Sports.kz порталына ойыннан алған әсерімен бөлісіп, қазақстандық жанкүйерлердің ұлттық құрамаға деген қолдауына ерекше баға берген.
"Іріктеуді жеңіспен бастағанымызға ризамын, бұл жерде тамаша атмосфераға куә болдық. Мен мұнда жанкүйерлердің Қазақстан құрамасын қалай қолдайтынын көрдім. Және Қазақстан жақсы ойын көрсетіп жүрген мықты құрама", - дейді қақпашы.
Облак сонымен қоса Астанада өткен кездесудің өте қиын болғанын айтады.
"Иә, қиын ойын болды, олар бірінші таймда гол соғып, жеңіске жетіп тұрды. Алғашқы минуттарда жылдам жауап голын соғу өте маңызды болды. Егер олай жасай алмағанымызда, жағдай одан да қиын болар еді. Мен атап өткенімдей, Қазақстан жақсы ойнады және бұл қарсыласқа төтеп беру оңай болған жоқ", - деп ағынан жарылды Ян Облак.
Айта кетейік, 26 наурызда Қазақстан құрамасы өз алаңында Дания құрамасын қабылдайды.