Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың денесі жер қойнына тапсырылды

Қарағанды облысында браконьерлердің шабуылынан кейін ажал құшқан Ерлан Нұрғалиевтің жерлеу рәсімі өткізілді. Оқиға кезінде жарақаттанып, аман қалған инспектордың айтуынша, сол екі көлікті ұстай алмай жүргеніне бір жыл болған, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Қарағанды облысында браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың денесі жер қойнына тапсырылды

Ерлан Нұрғалиевтің жерлеу рәсіміне Ауыл шаруашылығы министрлігі мен комитет өкілдері, өз әріптестері келді. Сондай-ақ, марқұммен қоштасуға келген жұртшылықтың қарасы қалың.

Сол күні Ерлан Нұрғалиевпен бірге болған әріптесі Петр Ницыктың айтуынша, браконьерлер ойда жоқта шабуылдаған.

«Есімді жисам, олардың автокөліктері төбеден асып бара жатыр екен. Ал Ерлан қансырап, қарда етпетімен жатты. Менен де қан кетіп жатты. Тоқтату үшін бас киім кидім. Ерланға да кигізіп, көтеріп әкеп, көлік дөңгелегіне сүйедім. Жан-жағыма қарап, телефон, патрондар тауып алдым. Олардың қолында автомат болған. Содан қалған болу керек», – дейді аман қалған инспектор.

Белгілі болғандай, шабуылдан кейін қансыраған инспекторлар қу далада екі жарым сағат жатып қалыпты. Себебі қаскөйлер GPS-навигатор мен көліктің кілтін алып кеткен. Әйтеуір дегенде рациямен өзге де әріптестерін көмекке шақырып, олар әрең тауып алған.

Марқұм Ерлан Нұрғалиевтің інісінің сөзінше, ағасының тіл қатуға шамасы болмай, тек қырылдап жатқан. Оны Астанадағы ауруханаға жеткізгенше жүрегі соғып тұрыпты. Алайда ауыр жағдайда жатқанымен, 300 шақырымнан аса қашық жердегі ауруханаға көлікпен алып барған екен.

«Жағдайды айтып жатыр, «адам болмайды, миы жұмыс істемейді» деп. «Қайда, сонша уақыт неге жүрдіңдер? 3-4 сағат жасаушы едік, көмектесуші едік, қазір қолымыздан ештеңе келмейді, құтқаруға болушы еді», – деп ұрысып жатты», – дейді марқұмның інісі Нұрлан Нұрғалиев.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілердің сөзінше, бүгінгі таңда табиғатты қорғаушы қызметкерлердің мәртебесін көтеру үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі 120 миллион шаршы шақырым аумақты қорғайтын инсекторлар саны 200-ден ғана асады. Олардың жалақысы да төмен екен. Ал браконьерлер қолға түскен күннің өзінде, жазадан сытылып кететін көрінеді.

«Қолдаушылары бола ма, немесе біреулері пара алып жаба ма, оны енді нақты біз ешкімді қолдан ұстап алғанымыз жоқ. Бірақ, жылдан-жылға осындай жағдайлар болып жатыр. Соның нәтижесін сотқа дейін апарып, біреуді жауапкершілікке тартып, түрмеге отырғызып, ондай фактілер аз», – дейді ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев.

Ал жасалған шабуылдан кейін тірі қалған Петр Ницык сол екі джипті бір жылдан бері ұстай алмай жүргендерін айтты.

Ал қаскөйлердің қолынан қаза болған Ерлан Нұрғалиевтің табиғатты қорғап жүргеніне 20 жылдан асқан. Ендігі Ауыл шаруашылығы министрлігі табиғатты қорғаймын деп құрбан болған марқұмды «Ерлігі үшін» марапатына ұсынып отыр.

Еске сала кетсек, оқиға 13 қаңтарда Қарағанды облысында болды. “Охотзоопром” кәсіпорнының қызметкерлері өлтірілген сайғақтардың терісін табады. Кейін ісзге түсіп, екі көлікті тоқтатады. Тексеру кезінде браконьерлер олардың өзіне шабуылдайды. Екі ер адам да ауруханаға түсіп, бірнеше сағаттан соң бірі қайтыс болды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау