Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қан құсып, қызу көтеріледі: Ресейде белгісіз вирус тарағаны жайлы ақпарат пайда болды

Ресейде адамдар қан құсып, қызудың көтерілетіне әкелетін вирус жұқтырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Ru.freepik.com

SHOT Telegram арнасының мәліметінше, науқастардың бірнеше апта бойы қызуы көтеріліп, қатты жөтелмен қан құсады. Бірақ олардың COVID және тұмауға жасалған тесттері теріс нәтиже көрсеткен. 

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, науқас алғашқы күндері өзін аздап жайсыз сезінеді. Бірнеше күннен кейін оның жағдайы нашарлап, төсек тартып жатып қалады. Дене қызуы 39 градусқа дейін жоғарылап, қатты жөтел пайда болады.

Жұқтырғандардың бірі бірнеше күн ауырып, дәрі қабылдағаннан кейін де жөтелдің басылмағанын айтқан. Ал коронавирус пен ЖРВИ-ге тапсырған анализдері теріс нәтиже көрсеткен. Дәрігерлер әлі де науқастардың нақты қандай инфекция жұқтырғанын анықтай алмай жатыр. 

Роспотребнадзордың мамандары белгісіз вирус жұқтырған науқастар туралы хабарламаларды бақылауға алды. Медицина ғылымдарының докторы Виктор Зуев "Аргументы и факты" басылымына берген сұхбатында белгісіз вирустың таралуына байланысты маска тағуға кеңес берді.

“Қазір айналаңызда әдеттегі қоздырғыш вирус тараған жағдайдағыдай сақтық шараларын ұстану керек. Яғни, қазіргі кезде белгісіз этиологиялы вирустық аурудың өршуі байқалып отыр. Біріншіден, міндетті түрде маска тағу керек. Тіпті бұл қазір сәнге айналып барады”, – дейді вирусолог.



Сондай-ақ дәрігер қажет болмаса сыртқа шықпауға, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуға және барлық санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес берді.

Осы тұста Ресейдің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Роспотребнадзор) қан аралас жөтел тудыратын белгісіз вирусқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство вирус тарағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Ресей Федерациясында жүргізіліп жатқан тұрақты эпидемиологиялық мониторинг пен геномдық қадағалау барысында жаңа вирустар немесе елеулі мутациясы бар вирустар анықталған жоқ”, – деп мәлімдеді Роспотребнадзор.

Қазір Ресейдегі эпидемиологиялық жағдай тыныс жолдары инфекциялары, соның ішінде ЖРВИ, тұмау, COVID-19 және ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін пневмония бойынша тұрақты және толық бақылауда. Елде сырқаттану деңгейі төмендеп келеді.

Бұған дейін Қытайда жарқанаттан коронавирустың жаңа түрі табылғаны туралы жазған едік.

Талқылау