Қамауға алынған сатиралық басылымның авторын қолдаған: Алматыда пикетке шыққан белсендіге айыппұл салынды
Oyan, Qazaqstan саяси реформа талап етуші қозғалысының белсендісі Ақмарал Жәкібай қамауға алынған сатиралық басылым авторын қолдау мақсатында пикетке шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Oyan, Qazaqstan
Ақмарал Жәкібай Алматыдағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының алдында QazNews24 авторы Темірлан Енсебекті қолдау мақсатында пикетке шықты. Оны полицейлер ұстап әкетіп, сотқа тартылды. Oyan, Qazaqstan өкілінің айтуынша, сот отырысы онлайн өтіп, бар болғаны 10 минутқа созылды.
Сот Ақмарал Жәкібайді пикетке шыққаны үшін айыппұл төлеуге міндеттеді. Айыппұл мөлшері – 196 600 теңге.
Айта кетейік, 19 қаңтарда Алматыдағы "Art of her" көркем басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Рус Бикетов те Qaznews24 сатиралық басылымының авторы Темірлан Еңсебектің ұсталуына қарсы жеке пикетке шыққан еді. Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соты Бикетовті бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот процесі онлайн режимде өтті.
Одан соң Әсем Жәпішева да пикетке шығып, оны да 15 тәулікке қамады.
Еске салсақ, бұған дейін Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебектің ұсталғаны туралы жазған едік. Ол Алматы сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.