Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сап-сау адам арбаға таңылды": Шымкентте бес жігіт жабылып ұрған ер адамның әйелі әділдік сұрайды

Шымкентте 52 жастағы ер адам 5 адамның соққысына жығылып, қазір арбаға таңылып отыр. Оның жұбайы 5 айдан бері тергеудің дұрыс жүргізілмей жатқанына және күдіктілердің қамауға алынбағанына наразы. Ол Stan.kz редакциясына жүгініп, заңсыздық болғанына шамданды.

Видеодан скриншот

30 мамыр кешке Әлихан Тасқынбаев әріптестерімен қымыз сататын кафеге барған. Себебі 31-і оның туған күні, ер адам жекеменшік мерекесін тойлауға келген. Бірақ әріптестерінің бірі қайтып кетіп, екі адам ғана қалған. Сол түні қайғылы жағдай болып, ер адам оңбай таяқ жеген.

“Кафенің маңындағы дүкеннен темекі алуға кеткен. Қайтып келе жатқан кезде оған күйеу баласы туған күнін құттықтау үшін қоңырау шалған. Осы сәтте бірнеше адам күйеуіме “шотты төлемедің” деп зекіп, ұра бастаған. Телефон өшпегендіктен, күйеу балам бәрін естіп тұрған. Ол бірден маған хабарласып, қауіпті нәрсе болып жатыр деп ескертті”, – деді Әлихан Тасқынбаевтың әйелі Жамал Тасқынбаева. 

Айтуынша, ер адам бұған дейін Жамалдың інісіне, яғни өзінің балдызына қай жақта болатынын айтқан. Соны естіп, олар аталмыш кафеге барған. 

“Күйеуім кафенің кіреберісінде қан-қан болып жатыр. “Басым-басым” дей береді. Бес адам жабылып ұрған. Жанында мейрамхана басшылығы мен сол күдіктілер тұр. Яғни ұрған адамдар – мейрамхана басшыларының балалары. Жедел жәрдем мен полиция шақырғанымда, күдіктілердің бірі күйеуімнен аққан қанды аузына жағып, “мені де ұрды” деп көрсетті”, – деді шымкенттік әйел.

Сөзінше, полиция келсе де, күдіктілерді ұстамаған, әлі күнге дейін олар емін-еркін жүр дейді.

Әйел ер адамның қабырғасы сынып, инсульт алғанын, соңында тіпті мүгедек арбаға таңылғанын айтады.

“Қабырғасы сынғанын білемін. Бірақ тұра алмай қалады деп ойлаған жоқпыз. Бірақ басы жиі ауырып, мазасызданып кетті. Соның кесірінен қан ұйып, инсульт алып, жүрмей қалды. Ол 4 күн комада жатты, 17 күн жансақтау бөлімінде болды”, – деді жәбірленушінің жұбайы.

Ол жедел жәрдем қорытындысы мен сот-медициналық сараптама қорытындысын көрсетті.

“Жабық ми жарақаты, ми шайқалуы, мұрын сүйектерінің жабық сынығы, жоғарғы мен төменгі еріннің соғылған жарақаты, кеуде торабының соғылған жарақаты”, – делінген жедел жәрдем қағазында.

Сот-медициналық сараптама жедел жәрдем қорытындысына келісе отырып, тағы толықтырулар келтірді. Онда ер адамда жеңіл және өмірге қауіпті ауыр зиян келтірілген жарақаттар бар екені айтылады. 

“Арқаның көп сырылулары, сол жақ бел аймағының көгеруі, сол жақ қабырғаларының ығысып сынуы, сол жақ кеуде тұсына қан жиналу”, – делінген қорытындыда. 

Жамал Тасқынбаева күдіктілердің олардың тым болмаса кешірім сұрамағандарына ашулы. Ол күйеуінің арам пиғылы болмағанын, тіпті арам ойы болып, ақша төлемегеннің өзінде олай соққыға жығу адамдыққа жатпайды деп есептейді.

“Іс мүлдем тергеліп жатқан жоқ. Тек күйеуімнен сұрақ алып кетті. “Аурухана өзі ауырып түсті” деп жазып бергенімді қалап отыр. Сонда елімізде заң жоқ па?”, – деді әйел.

52 жастағы Әлиханның 6 баласы бар. Енді ол жұмыс істей алмай қалды. Енді жұбайы кінәлілердің ұсталып, әділ жазалануын талап етеді.

Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты Шымкент полиция департаментіне сауал жолдады. 

“Ер азаматтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында күдікті тұлға анықталып, полицияға жеткізілген. Оқиға бойынша қосымша кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесімен процессуалды шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Шымкент ПД баспасөз қызметі.

Талқылау