"Ісіндіретін екпе салдырдым": Азамат Сатыбалды Мұқағалиді сомдау үшін 20 күнде 12 келі салмақ қосқан
Жуырда көрерменге Мұқағали Мақатаевқа арналған телевизиялық фильм жол тартты. 4 сериядан тұратын картинада ақиық ақынның рөлін актер Азамат Сатыбалды сомдады. "Алматы" арнасының "Таңғы студио" бағдарламасында ол Мұқағалиді сомдау үшін қандай жанкештілікке барғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Азамат Сатыбалды образға сай болу үшін аз уақытта 12 келі салмақ қосуға мәжбүр болған. Фильмді түсірушілер уақыттың тығыздығын қаражаттың жетіспеушілігімен әрі түсірілім күндерінің аз болуымен түсіндірген.
"20 күннің ішінде 12 келіге семіріп, 94 келіге көтерілдім. Содан кейін 10 күннің ішінде қайта 82-ге түстім.
Трансформация жағы қиын болды. Себебі аз уақыт берілді. Алаңда бәрі мені күтіп тұрды. Оған укол көмектесті, басқа амал жоқ, не істеймін енді?" – дейді актер.
Сатыбалды мұндай салмақ қосу үшін кез келген тамақты ішіп, спортта қолданылатын, күш беретін екпелер салдыртқан. Денсаулыққа зиян болса да, фильм үшін осындай жанкештілікке баруға тура келген.
"Кез келген тамақты іше бердім, күш беретін уколдар салдым. Денсаулыққа зиян. Бірақ енді зиян болса да, актер болғаннан кейін, кейді өзіңе қиянатқа барасың", – деді Сатыбалды.
4-ші серияға келгенде актерге қайта арықтау керек болған. Ол бір аптада қайтадан 12 келі салмақ тастап, бастапқы қалпына түскенін айтады. Ол үшін актер 7 күн бойы тек сумен қоректенген.
Сатыбалды өнер академиясына оқуға түскеннен бастап Мұқағалидің рөлін сомдауды армандағанын айтты.