Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз шаршамаймыз": Димаш Құдайберген қазақтар жайлы айтты

Димаш танымал ресейлік шоумен Арман Давлетьяровқа қазақтың басқа халықтардан ерекшелігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оның ойынша, жалпы қазақтар қалжыңдап, көңіл көтеруді білгенімен, өте байсалды халық.

"Өзін байыпты ұстамау – қазақ халқына тән мінез емес. Бізде әлі де менталитет басқа, мен одан еш жамандық көріп тұрған жоқпын. Әр ұлт бір-бірінен кішкене болсын ерекшеленеді, бұл қалыпты жағдай. Бізге солай ыңғайлы. Көп адамдар: "Ішпейсің бе, жоқ па?" деп сұрайды, мен ішпеймін деймін. "Сонда қалай демаласың?" дейді, мен "Біз, қазақтар, шаршамаймыз" деп айтамын", – дейді әнші.

Ол өзінің имиджіне өте қатты мән беретінін және бұл тыңдармандарға әсер ететінін айтты. Ол тіпті тыңдармандары үшін кейбір шоуларға қатысудан да бас тартқан.

"Мысалы, Еуропада немесе басқа елдерде түрлі ойын-сауық бағдарламалары бар. Ол бағдарламалар аздап ұятсыз, балағат сөздер айтылады. Менің ойымша, мұндай бағдарламаға қатысуым мүмкін емес", – деп түсіндірді Димаш.

Сондай-ақ ол “жұлдыз ауруына қарсы вакцинаны” қайдан алғанын айтты. Әншінің айтуынша, Димашты өсірген атасы әлі күнге шай ішкен сайын, қарапайым болуды, мақтанбауды, жақсы адам болып қалуды үйретіп отырады.

Талқылау