Ішінде қазақстандықтар бар: Колумбияда мигранттар мінген қайық суға батып кетті
Колумбияда мигранттар мінген қайық суға батып кетті. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Barron's басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ВМС Колумбии
Суға батып кеткен мигранттар қайығындағы жолаушылардың арасында бірнеше қазақстандық, оның ішінде екі бала бар. Еліміздің cыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты әзірге ресми растаған жоқ.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, 9 шілдеде Колумбия жағалауында Кариб теңізінде 20 мигрант мінген кеме апатқа ұшыраған. Кемінде бір адам қаза тауып, төрт адам із-түзсіз жоғалған. Қайықтағы 15 жолаушы, оның ішінде алты бала құтқарылды.
Апат Колумбияның Никарагуамен шекарасына жақын жерде, Сан-Андрес және Провиденсия аралдарына жақын жерде болды. Қазір колумбиялық құтқарушылар жоғалған мигранттарды іздеуді жалғастырып жатыр.
#EnDesarrollo ⚓️#MarinosDeColombia atienden un siniestro marítimo que se presentó aproximadamente a una milla de la isla de San Andrés y Providencia.
— Armada de Colombia (@ArmadaColombia) July 9, 2024
✅Al momento se logró el rescate de 15 personas con vida y una más que lamentablemente falleció.#ProtegemosLaVida pic.twitter.com/vhvKENkWsE
"Құтқарылған ересектер – Колумбия, Эквадор, Иран, Никарагуа, Қазақстан және Венесуэла азаматтары. Құтқарылған балалардың екеуі Қазақстаннан, үшеуі Венесуэладан", – деді Колумбия әскери-теңіз күштері.
Болжам бойынша, қайықтың жолаушылары АҚШ-қа баруды жоспарлаған мигранттар. Заңсыз иммигранттар арасындағы танымал бағыт Сан-Андрес және Провиденсия аралдары. Мигранттар Колумбия мен Никарагуадан теңіз арқылы Панамаға жеткізіледі. Ал ол жерден Мексика арқылы Америка Құрама Штаттарына жіберіледі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұл оқиға туралы ештеңе білмейтіндерін айтты.
"Бізде мұндай ақпарат жоқ", – деді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, бұған дейін Тунис жағалауында мигранттары бар қайық суға батып, 4 адам қаза тауып, 23 адам жоғалған еді.