"Іші құрттап жатады": Алматы әуежайындағы сусын аппараты жолаушыларға шіркейге толы шырын жасап берген

Алматы әуежайында шырын жасайтын аппараттың сусынынан шіркейлер шығып, жұртты шошытты. Көпшілік онсыз да бағасы қымбат шырынның санитарлық талаптарға сай келмейтінін айтып наразы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде қазақстандық әуежайдағы жағдайды көрсетті.
“Алматы әуежайында вендинг аппараттан апельсин шырынын сатып алдым. Бағасы – 3000 теңге. Өкінішке қарай, ішінен көп майда шыбын шықты. Бұл – санитарлық талаптардың өрескел бұзылуы. Аппаратта көрсетілген телефон нөмірлеріне бірнеше рет қоңырау шалдым, ешкім көтермейді. Әуежай әкімшілігі мен жауапты компаниядан шара қолдануды сұраймын. Осы аппараттың кімге тиесілі екенін білсеңіздер белгілеңіздерші”, – деді ол.
Желі қолданушылары мұны таза антисанитария деп Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке арыз жазуды ұсынды.
“Масқара бағасы онсыз да қымбат. Ең болмағанда дезинфекция жасамайсыздар ма қожайындары? Ұят нәрсе екен. Жолға шыққан адам уланса қайтесіздер?”, “Масқара, байқамай алған шығарсыз. Сыртынан-ақ шыбын басқаны көрініп тұр. Антисанитария. Бір видео көргелі мұндай аппараттан сусын алмайтын болғам. Іші құрттап жатады екен”, – деп жазды жұртшылық.
-
Қазақстандық демалысының шырқы бұзылғаны үшін әуекомпанияны сотқа беріп, 50 мың теңге өндіріп алды
-
Алматы әуежайының 6,8 миллиард теңге дивидендті заңсыз төлегені анықталды
Stan.kz тілшісі Алматы Халықаралық әуежайынан жағдайға қатысты пікір сұрады.
“Вендинг автоматтың жұмысы тоқтатылды және аталған бұрыш жабылды. Контрагентке қатысты тиісті тәртіпке сай, қажет шаралар қолданылады. Әуежай осындай жағдайларды қабылдауға болмайды деп есептейді және өзінің аумағындағы санитарлық қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасына ерекше көңіл бөледі. Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында ішкі тексеріс жүргізіліп жатыр. Алматы Халықаралық Әуежайы туындаған қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды”, – деді әуежай өкілдері.