Қазақстанның вольфрам игеру жобасында америкалық компания 70% үлеске ие болды

"Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақты" вольфрам кен орындарының америкалық компанияға сатылуы туралы тараған ақпаратқа "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін БАҚ-та "Солтүстік Қатпар" кен орнының 70 пайыз акциясы сатылғаны туралы ақпарат тараған еді. Дәлірек айтқанда, бұл үлес америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясына берілді деген ақпарат айтылған. Алайда "Тау-Кен Самұрық" бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Компания Қазақстан Конституциясына сәйкес жер қойнауы халыққа тиесілі екенін және ол сауда нысаны бола алмайтынын еске салды.
"Америкалық инвестормен жасалған келісім "Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақты" кен орындарын игеру жобасына стратегиялық капитал мен жоғары технологияларды тартуды көздейді. Келісім аясында компания 1 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы көлеміндегі жобаны қаржыландыруды, сондай-ақ онымен байланысты техникалық және операциялық тәуекелдерді өз мойнына алады", – делінген хабарламада.
Келісімшартқа сәйкес, Cove Capital бірлескен кәсіпорындағы жарғылық капиталдың 70 пайыздық үлесіне ие болады. Алайда бұл кен орнының бағалау құнына қатысты емес. Қазақстан тарапы жобаны жүзеге асыру мен кен орнын игеруде стратегиялық бақылауды сақтап қалады.
"Сонымен қатар, жоба Қазақстан аумағында дайын өнім өндіруді қарастырады. Бұдан бөлек, халықаралық серіктестің қатысуы вольфрам өнімдеріне тұрақты нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі бұл өнім қазіргі таңда отандық экономикада кең сұранысқа ие емес", – деп түсіндірді компания.
Жоба аясында ең маңызды шарттардың бірі – шикізатты сыртқа шығаруға тыйым салу. Барлық өндірілген өнім Қазақстан аумағында терең өңделуі тиіс. Бұл талап ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Бұл келісім Вашингтонда өткен C5+1 саммиті кезінде жасалған.
Келісім аясында Қазақстанда шамамен 2000 жаңа жұмыс орны ашылады, ал жұмысқа қабылдауда жергілікті мамандарға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, АҚШ инвесторлары ел аумағында екі байыту фабрикасы мен металлургиялық зауыт салуды жоспарлап отыр.
"Солтүстік Қатпар" компаниясы Қарағанды облысындағы "Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақты кен орындарында вольфрам-молибден кендерін барлау және өндірумен айналысады. "Солтүстік Қатпар" кен орнының қоры шамамен 90 мың тонна вольфрам және 13 мың тонна молибден деп бағаланады. Айта кетейік, eGov деректеріне сәйкес, "Солтүстік Қатпар" компаниясы әлі де толықтай "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясына тиесілі. Rен орындары кеңестік кезеңде-ақ барланып, ұзақ уақыт бойы игерусіз қалған. Жобаның табысты жүзеге асуына жоғары капитал сыйымдылығы, кеннің күрделі геологиялық-минералогиялық ерекшеліктері, экономикалық тұрғыдан тиімді өңдеуді қамтамасыз ететін тиімді технологиялық шешімдердің болмауы, сондай-ақ нарықтағы тұрақсыздық кедергі келтірген.
Cove Kaz Capital Group LLC – 2015 жылдан бері тау-кен өндіру жобаларына, геологиялық барлаудан бастап құрылыс кезеңіне дейін инвестиция салатын халықаралық Cove Capital LLC инвестициялық тобының құрамына кіреді. Cove Capital компаниясының кеңселері АҚШ пен Австралияда орналасқан.
Еске салсақ, осыған дейін қытайлық “Geo Jade Petroleum Corporation” компаниясы Қазақстандағы ең ірі газ кен орнын игеретіні туралы жазғанбыз. “Kazakh Invest” пен қытайлық компания 3 ақпанда Қызылорда облысындағы “Созақ” кен орнын дамыту жобасы бойынша серіктестік және жобаны сүйемелдеу туралы келісімге қол қойған.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады
Оқыңыз