Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Егеуқұйрық уы табылған: Қазақстанда HiPP өнімдерінің сатылымда бар-жоғы тексерілуде

hipp өнімі
Фото: hipp.de

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті HiPP балалар тағамынан егеуқұйрық уы табылғаны туралы ақпаратты тексерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитет өнімді Қазақстан аумағында сатуға рұқсат етілмегенін мәлімдеді.

“Германияда өндірілген HiPP балалар тағамынан егеуқұйрық уы анықталғаны туралы БАҚ-тағы жарияланымдарға байланысты комитет мынаны хабарлайды: аталған заң бұзу туралы ақпарат Еуропалық одақтың құзыретті органдарынан Азық-түлік пен жемшөптің сапасы бойынша жедел хабарлау жүйесі (RASFF), сондай-ақ ДДСҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық органдар желісі (INFOSAN) арқылы келіп түскен жоқ. Аталған өнім Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің Бірыңғай тізілімінде тіркелмеген, осыған байланысты оны Қазақстан аумағында және ЕАЭО-ның басқа елдерінде сатуға рұқсат етілмейді, — делінген хабарламада.

Комитет тарапынан өнімнің ықтимал сатылуын анықтау бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

“Комитеттің аумақтық бөлімшелері жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша аталған өнім елдің сауда орындарында анықталған жоқ. Өнім сатылымда анықталған жағдайда азаматтардан жедел шаралар қабылдау үшін Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне хабарласуды сұраймыз”, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Австрияда Hipp балалар тағамынан егеуқұйрық уы табылғаны туралы жазған едік.

Еске салсақ, Алматыда жекеменшік мектеп ата-аналары білім ошағының асханасы талапқа сай емес екенін айтып шағымданды. Олардың сөзінше, мектептен тамақ жеген балалар жиі ауыратын болған. Ұл-қызының денсаулығына алаңдаған жұрт мектеп әкімшілігіне бұл туралы талай ескерткен. Бірақ мәселе шешілмей, санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасына жүгінуге тура келіпті.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 21:07