Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеуі төрт жасар қызын зорлап жатқан кезде үстінен түскен: Алматылық әйел басынан өткендері туралы айтып берді

Анар Боранбаева
Фото: Видеодан скрин

Алматылық жеті баланың анасы Анар Боранбаев азаматтық некедегі күйеуі ұрып, онымен ажырасқан. Алайда “ұят” деген желеумен күйеуіне қайта қосылады. Артынша оның күйеуі төрт жасар туған қызын зорлаған. Күйеуі түрмеге қамалғаннан кейін, оның туыстары әйелге және балаларына маза бермеген. Анар Боранбаев өзінің оқиғасы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kosa Media Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Анардың оқиғасы әлі жалғасуда. Қазір көп балалы анаға қарыздан құтылып, балаларын асырау керек. Олардың әзірге тұрақты баспанасы да жоқ. Анар 43 жаста, оның 7 баласы бар. Екеуі кәмелет жасқа толған, өз бетінше тұрады. Ал қалған бесеуі әлі кішкентай. 

Анар бала кезіндегі отбасындағы түсінік, болашақ өміріне де әсер еткенін айтады. Ол кішкентайынан екі қалада өмір сүрген. Алғашқы жылдары Оралда әжесі мен атасының қолында тұрған. Кейін оны Алматыға ата-анасының қасына алып келді. Әкесі өте қатал, салқын мінезді адам болған. Отбасында қыз бала ұяң, тыныш болып, ер адамдарға сөзсіз бағынуы керек деген түсінік қалыптасқан. Сонымен қатар, барлық үй шаруасын атқару да оның міндеті саналған.

“Біздің отбасымызда тәртіп өте қатал еді. Егер ыдыс жумасам, мені тұрғызып қойып, ұйықтауға рұқсат бермейтін. Мен "қаламаймын" десем де, оны ешкім елемейтін. Менің қалауым маңызды болмады. "Алдымен ыдысты жу, содан кейін ғана ұйықтайсың" деп айтатын”, – дейді Анар Боранбаева.

Анардың айтуынша, отбасында ағасына деген көзқарас мүлде бөлек болған. Бір күні ағасына көп көңіл бөлінетінін айтып, анасына сұрақ қойған. Сол сәттен кейін оны шешіндіріп, подъезге шығарып жіберген.

“14 жасар мен іш киіммен 9 қабатты үйдің 5-қабатындағы подъезде тұрдым. Сол сәтте сыныптастарым келіп қалды. Сол кезде ұялғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осыдан кейін мектепте келеке болдым”, – дейді ол.

Ол сондай-ақ әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үйде қалыпты жағдай ретінде қабылданғанын айтады. Мұндай жағдайларды көпке жария етуге болмайды деп есептеліп, полицияға немесе сотқа жүгіну де дұрыс саналмаған. Сол себепті кейін өзі осындай жағдайға тап болғанда, не істеу керегін бірден түсінбеген.

“Біз әкеміздің анамызға қол көтергенін көріп өстік. Әдетте бөлмеге кіріп, есікті жауып алатынмын. Осыны көргеннен кейін, біз мұны қалыпты деп түсіндік. Әйелді ұру, баланы ұру қалыпты деп ойладым”, – дейді ол. 

Ол туысқаны тарапынан жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықты да бастан өткергенін айтты. Ата-анасы үйде жоқта Анарды туысы қорлаған. Бұл туралы ол ата-анасына айтқанда, олар сенбеген.

Анар 18 жасқа толғанда үйден кетіп, өзінен әлдеқайда үлкен адамға тұрмысқа шығады. Ол күйеуіне махаббатпен тұрмысқа шықпағанын айтады. Ер адам ұсыныс жасап, Анар келіскен. Ақшасы мен білімі жоқ жас қыз үшін бұл өз отбасындағы қысымнан құтылудың жалғыз мүмкіндігі сияқты көрінген.

“Бұл некеде махаббат болмады. Оған қазақ қызы, пәк қыз, бала туатын әйел керек болды. Ол өзінікін алды, сәйкесінше мен де өз айтқанымды алдым. Бізде бір түрлі айырбас болды. Мен екі бала тудым, оның ұрпағы бар. Мен жақсы отбасыға тап болдым. Оның ата-анасы керемет жандар, біз әлі күнге дейін байланыстамыз. Алайда күйеуім балаларға, отбасына мән берген жоқ. Өз шаруасымен айналысты, жұмыс істеді, бар ақшасын өзіне жұмсады”, – дейді ол. 

Кейін бірінші күйеуімен арада сезім болмаған соң ажырасқан. Осылайша Анар екі баласымен жалғыз қалған. 

Анардың айтуынша, қоғамда ажырасу масқара ретінде қабылданған, сондықтан ол жеті жыл бойы балаларын өзі асыраған. Сол аралықта ешқандай жаңа қарым-қатынасқа түспеген, тек өзіне және балаларына жағдай жасауға тырысқан. Бірақ айналасындағылар оны жиі айыптап, "отбасын сақтай алмады" деп сөккен.

2013 жылы оның өмірі күрт өзгерді. Балаларының мектебіне жақын жаңа ауданға көшіп, пәтер жалдайды. Сол кезде оған Бақытжан есімді маклер көмектеседі. Алғашында ол Анарға қарапайым адам болып көрінген. Бірақ кейін Бақытжан жұмыстан соң оны аулада күтіп алып, гүл мен тәтті әкелетінді шығарады. Анар бұрын ешқашан ер адамның қамқорлығын көрмегенін, сондықтан бұл оған қатты әсер еткенін айтады. Ол кезде өзін екі баламен ешкімге керек емес сияқты сезінгенін алға тарады.

Бастапқыда Анар оған сенбеген. Бақытжан бір жылдан астам уақыт бойы оның көңілін табуға тырысқан. Кейін сөзбен емес, ісімен сенімге ие бола бастапты.

"Жұмыста болған кезім, авиакассадағы күндізгі ауысым еді. Жаңбыр жауып тұрды. Ол өзі хабарласты. "Балалар шығатын болды, мен барып алып келемін" деді. Ол жер екі аялдама ғана. Ол екі қолшатыр алып, балаларды үйге алып келді. Бұрын балаларды оған жолатпайтынмын. Ол балаларға тиіскен жоқ, ренжітпеді.Тамақтандырып, үйге алып келді. Сағат тоғызда үйге барсам, ойыншықтарын жинап қойған. Балалар да мәз. Бірдеңе сатып әкеліпті. Балалар мәз болса, анасы да мәз", – дейді Анар. 

Сол кезде Анар маңызды бір белгіге мән бермей қалған. Бақытжанға бір әйел қайта-қайта қоңырау шала бастаған. Бірде Анар телефонды көтергенде, ол бұрынғы танысы Салтанат екенін біледі. Ол ашулы болып, оның баласы бар екенін де айтқан.

Анардың айтуынша, Бақытжанның бұрынғы серіктесі Салтанат оған телефон арқылы ескерту жасап, Бақытжанның мінезі қауіпті екенін айтқан. Бірақ Анар ол кезде бұған мән бермеген. Кейін Бақытжан жағдайды ақшаға байланысты жанжал деп түсіндірген. Уақыт өте келе Анар бұл ескертуге құлақ аспағанына өкінгенін айтады.

Кейін олар бірге өмір сүріп жатқанда Бақытжан ішімдік ішіп, агрессивті бола бастаған. Анар одан бірнеше рет зорлық көрген. Алайда ер адам мұны жоққа шығарып, "саған солай көрінді" деп айтқан. Осындай жағдайлар қайталана берген.

Анар бірнеше рет кетуге тырысқан, бірақ Бақытжан уәдені үйіп-төгіп, Анарды қайта қайтарған. 

Анар кезекті зорлықтан кейін Бақытжаннан кетіп қалып, Оралдағы туыстарына барған. Үш баласымен өз бетімен өмір сүретінін айтқан. Алайда туыстары оны қолдамай, қайтадан Бақытжанмен татуласуы керегін айтқан. Ол қысымнан кейін Алматыға қайтып келген.

Кейін Бақытжан оны туыстарына апарып, сол жерде қалдырып кеткен. Анардың айтуынша, Бақытжан телефонын тартып алып, үйден шыға алмаған. Барлығы "қалыпты жағдай" ретінде түсіндірілген. Ол дуалмен қоршалған аулада қалған, сыртқа шығу мүмкіндігі болмаған және толық бақылауда өмір сүрген. Ол құжатсыз және кішкентай баламен қашып кету мүмкін болмағанын айтады. 

Бір күні Анар Бақытжанға туыстарын емханаға апару керек деп сендіріп, балаларымен бірге қашып кеткен. Кейін Анар өмірін қайта бастап, жатақханада тұрып, жұмыс істеп, тіпті бизнес ашады.

Алайда уақыт өткеннен кейін Бақытжан өзгергенін айтып, қайта оралуын сұрайды. Анар оған тағы бір мүмкіндік беріп, балалар үшін байланысын үзбей, бірге жұмыс істеді. Бір жарым жылдай бірге өмір сүріп, тағы екі бала дүниеге келді.

Алайда кейін Бақытжан жол апатына түсіп, қарыздар мен сот істері басталды. Анар оны құтқарамын деп, өзі де қарызға батады. Артынша Бақытжан қайта ішкілікке салынады. Пандемия кезінде Анар бизнесін жабуға мәжбүр болды және тағы жүкті болды. Кейін ол мұның бәрі өз еркімен болмағанын, зорлық пен қысымның салдары болғанын айтады.

Анардың айтуынша, күйеуі өзіне қаншалықты қатыгез болса да, балаларға тиіспейді деп ойлаған. Ол балалармен мейірімді болған, сондықтан Анар ұзақ уақыт күмәнданбаған.

Бірақ бір күні 4 жасар қызының денесінен көгерген іздерді көріп, қатты қорқып кетеді.  Сол сәтте ол балаларын қорғау керек екенін түсініп, жүктіліктің соңғы кезеңінде болса да, босанғаннан кейін міндетті түрде кетемін деп шешім қабылдаған.

“2020 жылдың қазанында босануға кеттім. Балаларды әкесімен қалдыруға мәжбүр болдым. Бірақ кейін үйге оралғанда балалардың қорқып, тұйық болып қалғанын байқадым”, – дейді ол.

Кейін күйеуінің туыстары келгенде, ол кішкентай қызының жоғын байқап, есік жабық бөлмеден күмәнданады. Есікті бұзып кіргенде, Бақытжанның өз қызын зорлап жатқанын көреді.

Осы оқиғадан кейін полиция шақырылып, Бақытжан қамауға алынады. Кейін қылмыстық іс қозғалған. Алайда Бақытжан қызын зорламағанын алға тартқан.

“Ол бастапқыда кешірім сұрады. Кейін мен ешнәрсе жасаған жоқпын деп шықты. Мен ойдан шығарды, әдейі жала жапты, ақша үшін айтып отыр деп мойындамай қойды”, – дейді Анар. 

Артынша Бақытжанның туыстары Анарға қысым көрсете бастаған. Олар арызды қайтарып ал деп бұйырған. Артынша ол кризистік орталыққа көшуге мәжбүр болған.

Алайда Анар соңына дейін барып, Бақытжан 20 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал 2024 жылы Бақытжан абақтыда көз жұмған. 

Азаматтық некедегі күйеуі түрмеге түскеннен кейін Анар қызының психологиялық жағдайын түзеуді қолға алған. Қызы ұзақ уақытқа дейін не болғанын түсінбеген көрінеді. Тіпті қыз бірнеше уақыт бойы сөйлей алмаған. Кризистік орталықтан кейін Анар қаланың сыртына көшкен. Алайда әлдекімдер терезесін сындырып, үйін өртеген. Тіпті Бақытжанның туыстары Анар жұмыс істеп жүрген сұлулық салонына барып, қысым көрсеткен.

Қазір Анар наубайханада жұмыс істейді. Сонымен қатар, тағы бірнеше қосымша жұмыс істейді. Қазір оның жергілікті мекен жайы жоқ. Сол себепті келіншек мемлекет тарапынан берілетін көмекті ала алмай отыр.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 20:39