Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында 15 жастағы қыз өзін 8 жігіт екі ай бойы зорлап келгенін айтты (видео)

Қыз зорлауФото: Stan.kz

Алматы облысы Райымбек ауданында сегіз жігіт 15 жастағы қызды екі ай бопсалап, зорлап келген. Жәбірленуші өзін алғаш рет жыныстық қатынасқа тартқан жігіттің 26 жаста екенін айтты. Оқушы қыз онымен арада болған хат алмасуларын ағасы біліп қояды деген қорқынышпен жігіттің айтқанын істеуге мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл жағдай 2026 жылы 1 қаңтар күні түнгі болған. Ол өзінің шын аты-жөнін атамауды өтінді. 

“1 қаңтар күні жасы 20-дан асқан біздің ауылдың баласы маған TikTok-тан жазды. Жақыннан араласуды ұсынғанда біздің ауылдың баласы болғандықтан келістім. Кейін Алматыдан ауылға келген соң “кездесейік” деп жазды. Мен бас тартып едім, “Мұхтар ағаңа айтып беремін” деп қорқытты. Мені “екеуіміздің хат алмасуымызды ағаңа көрсетемін, саған ұрсады” деп бопсалады. Сол түні сағат 03:30 шамасында маған хабарласып, сыртқа шығуымды сұрады. Бірінші қоңырауын елемедім. Екінші рет хабарласқанда, “ағаңа айтамын” деген сөздері есіме түсіп, қорыққаннан сыртқа шықтым. Ішімдік ішкен күйде көлікпен үйдің алдына келді”, – дейді жәбірленуші.

“Бірінші келген жігіт екі рет зорлады, біздің ауылдың жігіті үш рет келді”

Назеркенің айтуынша, ол көліктің артқы жағына отырған. Кейін ауылдың сыртына шығып, көлікті тоқтатып, өзі қыздың жанына отырған. 

“Бірнеше минут әңгіме айтып отырдық. Сол кезде маған тиісе бастады: ернімнен сүйді, мойнымнан иіскеді, санымнан ұстады. Мен қарсылық білдіріп, көліктен түспек болғанда қолымды қайырып, өзіне тартып алды. Қарсыласқаныма көнбей бетімнен шапалақпен ұрып жіберді. Содан кейін шалбарын шешіп, менің еркімнен тыс жыныстық қатынасқа түсті”, – дейді қыз.

Кейін жәбірленушіге болған жағдай туралы ешкімге айтпа деп ескертіп, үйіне әкеліп тастаған. Дәл осы жағдай 3 қаңтар күні тағы қайталанған. Бұл жолы да ағасымен қорқытқан. Сол жағдайдан кейін мүлдем байланысқа шықпаған. Кейін қызды сол жігіттің сыныптасы мазалай бастаған. Ол да қаңтар айының ортасында әлеуметтік желіден жазып, қызды әңгімеге тартқан. 

“Күдіктілердің үлкені 26 жаста, ең кішісі – 16-да”

Екінші күдікті де қызды сыртқа шақырған. Қыз бас тартқан соң “бірінші жігітпен жыныстық қарым-қатынасқа түскеніңді ағаңа айтам” деп бопсалаған. Жәбірленуші осылайша түнгі сағат 02:30 шамасында сыртқа шығып, оның дегенін істеуге мәжбүр болған. 

“Қақпаның сыртында мені күтіп тұрды. Жаяу келген екен. Қарсыласқаныма қарамастан мені көзден таса жерге, қора жаққа сүйреп апарды. Ол да ернімнен сүйіп, мойнымнан иіскеп, құшақтап тұрды. Қашпақ болғанымда оң қолымен менің қолымнан ұстап, жібермей қойды. Қолымды қайырып, артқа қаратып, аузымды жауып, еркімнен тыс жыныстық қатынасқа түсті. Бірінші келген жігіт екі рет зорлады, біздің ауылдың жігіті үш рет келді”, – дейді Назерке. 

Оның айтуынша, күдіктілердің ең үлкені 26 жаста, ең кішісі – 16-да. Ағасының айтуынша, Назеркенің мектептегі үлгерімі жақсы. Сабақтан қалмаған. 2021 жылы ата-анасы қайтыс болса да, ағасы мен жеңгесі бар күтімін жасап отыр. 

“Мен бұл жағдай туралы туған ағама айтуға ұялдым. Бірінші жағдайдан кейін де айта алмадым. Болған оқиғаны бірінші мектеп директоры білді. Директорға сыныбымдағы қыз жеткізген. Содан кейін директор мені өз кабинетіне шақырып, бәрін сұрады. Одан бөлек кабинетте бес мұғалім болды. Олар жан-жақтан қыспақтап, маған айқайлады. Бәрін сұрап алған соң “ағаңа айтпаймын” деп уәде берді. Арада бес күн өткен соң ағамды мектепке шақырды. Ол үйге келіп менен сұраған соң бәрін айтып бердім”, – дейді 9 сынып оқушысы. 

Қыз зорлауФото: Stan.kz

Мектеп директоры қылмысты білген соң полицияға хабарламаған

Жәбірленушінің адвокаты Инга Иманбай күдіктілердің қызды видеомен бопсалағанын айтып қалды. Олар бір видеоны TikTok желісіне жүктеп, кейін өшіріп тастаған. Заң өкілі видеода қыздың күдіктілермен болған хат алмасуы болуы мүмкін деп топшылады. Бірақ оның нақты қандай видео екенін білмейді. 

“Бұл жағдайға тағы бір оқушы қыздың қатысы бар. Күдіктілердің бірі сол қыздың досы болып шықты. Күдікті қызға болған жағдай туралы айтып береді. Бірақ не мақсатпен айтқаны белгісіз. Сөйтіп сол қыз көрші ауылдың жігіттеріне Назеркенің нөмірін таратқан. Айта кететін жайт, мектеп директоры Назеркенің оқиғасын естіген соң бес күн бойы құқық қорғау органдарына, заңды өкіліне хабар бермей, жасырған. Бес күннен кейін ғана айтқан. Назеркенің ағасы бәрін естіген бойда, яғни 16 наурыз күні полицияға арыз түсірген. Одан бері бір ай өтті. Күдіктілер бостандықта жүр, біз олардың статусын білмейміз. Қылмыстық іс қозғалды, ол Қонаев қалалық полиция департаментіне ауыстырылды. Бірақ әлі күнге дейін 8 адам бостандықта жүр. Негізі кәмелет жасқа толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыста жәбірленуші кімді көрсетсе, сол адамдар қазір тергеу алды қамауда болу керек”, – дейді адвокат. 

Заң өкілі 15 жастағы қызбен ешкімнің жыныстық қатынасқа түсуге құқығы жоғын, бұл жағдайда жыныстық қатынастың қыздың келісімімен болғаны немесе болмағаны маңызды емес екенін айтты.

“Қыздың нөмірі бірінші келген жігіттен тараған. Олардың жалпы саны сегіз. Қыз болған жағдай туралы айтқан кезде күдіктілердің бәрі ұсталып, телефондары тәркілену керек еді. Қыз ағасына біреумен жыныстық қатынасқа түскені тұрмақ, біреумен сөйлесіп жүргенін айтуға ұялады. Күдіктілер мұны жақсы білген. Кәмелетке толған күдіктілер өмір бойына, ал толмағандарды 12 жылдан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қылмысты жасырған мектеп директорға жеке бап бар. Білім министрі беретін тәртіптік жазадан бөлек, қылмыстық кодексте 4 жылдан 6 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік көзделген”, – дейді Инга Иманбай.

 

“Күдіктілердің екеуі мұғалімнің балалары”

Жәбірленушінің заңды өкілі Мұхтар Мәлібаевтың айтуынша, күдіктілердің екеуі мектеп мұғалімдерінің балалары. Бірі тіпті, әлеуметтік педагогтың ұлы болып шыққан.

“Алматы облыстық полиция департаменті 19 наурыз күні кешке Назерке екеуімізді жазған арыз бойынша полицияға шақыртты. Біз заңды дұрыс білмейміз. Адвокатым да, психолог та жоқ. Бізді 5-6 сағат тергеді. Содан кейін бізді үш күдіктімен беттестірді. Олар өз әрекетін мойындамады. Іс жүрмеді. Соңында қалалық прокуратураға бардым. 19-ына дейін күту керек, қыздың экспертизасы шықсын деді. Оны қалай күтіп отырамын? Мұғалімдер екі баланың әрекетін жабу үшін “Кім жаман – қыз жаман, көкесі ақша алыпты, қыз жынды, лагерьден бұзылып келген” деп ауылда өсек тарады. Менің талабым – күдіктілер заң алдында жауап берсін”, – деді Мұхтар Мәлібаев.

Бұл істі қолға алған тергеуші де болған жағдай зерттеуге асығып отырған жоқ дейді жәбірленушінің ағасы. Ол “басқа да істерім бар, жалғыз тергеушімін” деп қоя салған. Ағасының сөзінше, күдіктілердің жақындары келісімге келуді ұсынған. Ер адам “қалауыңды береміз” дегендердің бетін қайтарып, олардың лайықты жазасын алуын ғана қалайтынын айтқан. 

Адвокат Инга Иманбай қыз анализ тапсырған физиологиялық экспертизаны күту жай ғана сылтау дейді. 

“Қазір физиологиялық экспертиза қазір ештеңе бермейді. Өйткені болған жағдайдан кейін 40 күн өтіп кетті. Қылмыс ең бірінші рет 1 қаңтарда, соңғысы ақпанның 28 күні болған. Одан бері бір ай өтіп кетті. Мұнда психкрим жасау керек. Бұл жағдайда бәрі күнде жасалуы тиіс. Бірінші, қыздан жауап алынады. Комиссия оның өтірік айтуға бейім не бейім емес деген қорытынды жасайды. Соның негізінде күдіктілер қамауға алынады. Бір күнде профессионалды топ қамау туралы шешім шығаруы керек. Ары қарай күдіктілердің телефонындағы хат алмасу арқылы кімнің қылмысы ауыр, кімдікі жеңіл соны анықтайды. Ол кезде күдіктілер қамауда болу керек”, – дейді заң өкілі.

Болған жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді.

"Полиция қызметкерлері он алты жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жүргізіліп жатқан жедел-іздестіру іс-шаралары аясында оқиғаға қатысы бар тұлғалар шеңбері анықталуда, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында”, – деп мәлімдеді ведомство.

Оқиғаны жан-жақты тергеп-тексеру үшін тергеу-жедел тобы құрылған.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 17:15