Қазақстандық ер адам егіз қызы мен ұлын зорлады деп айыпталды: Анасы бірнеше жылдан бері әділдікке жете алмай жүр

Фото: ЖИ
Атыраулық келіншек бірнеше жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Сөзінше, күйеуі егіз ұлы мен қызы 2,5 жастарынан бастап бір жыл бойы зорлап келген. Алайда күдікті әлі де бостандықта. Әйел ер адамның сот саласында туысы бар екенін айтып, құқық қорғау органдары істі бұрмалап жібере ме деп қорқады. Өйткені түрлі сылтаулармен іс осыған дейін бірнеше рет тоқтатылған.
Атыраулық әйел күйеуімен 2015 жылы танысып, 2018 жылы үйленді. Екі жылдан кейін олардың егіз ұлы мен қызы дүниеге келді. Содан кейін ол күйеуінің есірткіге тәуелді екенін білген. Бірақ ер адам өз шамасын білетінін және бұл тәуелділігі отбасына кесірін тигізбейтініне сендірген. Десе де ер адамның тарапынан дөрекілік, ашушаңдық байқалған.
Алғашында әкесі вахталық жұмыста, ал анасы үйде балалармен отырды. Бірақ егіз екі жасқа толғанда, күйеуі декреттік демалысқа шыққысы келетінін айтып, әйеліне жұмыс істесін деген. Онымен қоса балалар балабақшаға барып жүрді. Әйел идеяны қолдамағанымен, отағасының қысымымен көніп, 2022 жылдың 15 желтоқсанында жұмысқа кірісті. Сөзінше, ол күніне 12 сағат жұмыс, сосын 1 ай демалатын кестемен жұмыс істеді.
Көп ұзамай ана балалардың мінезінен, денсаулығынан өзгеріс байқады.
“Түнде жылап оянатынды шығарды, тұйық боп, жабылып қалды. Ұлымның негізі тілі ерте шыққан, сөздерді анық айтатын. Бірақ мен жұмысқа шыққаннан кейін оның дикциясы өзгерді. Буындарды созып айтатын болды. Біреу құшақтаса ұнатпай, мені және әпкемді ұратынын байқадым. Қызымда цистит пайда болды, ал ұлымның іш қатып, дәретін ұстай алмады, нәжісі қан араласқан. Екеуінің де тамағы ауыра бастады”, – деді ана.
Бір күні егіздің сыңары тамақ ішпей, есінен танып қалған. Солай ауруханада болыпты.
Айтуынша, балалар әкесінен қашқақтап, қорқатын болған. Анасынан жұмысқа кетпесін деп жылайды екен. Ал ер адамның өзі үйдің есігін кілттеп, пердені жауып алуды әдетке шығарған. Үйге келгенде, іш киіммен жүреді дейді. Жалтақтап, әлдеңеден қорыққандай жүретінін айтты.
"Мен балаларға ұрсып, не ұратын шығар деп ойладым. Мұндай нәрсе ойыма да келмеді. Кейін балабақша тәрбиешісі де балалардың мінезі өзгергенін айтты. Екеуі бір-бірінің қасынан кетпей, тіпті ұйықтаған кезде қолдарын жібермейтіндерін айтты. Содан кейін балалар өздері де түрлі нәрсе айта бастады. Сөздерінен әкесі оларға жыныс мүшесін көрсеткен болуы керек. “Әке кака” деп жылап, қай жерін қалай ұстағанын, денесін ауыртқанын көрсете бастады”, – деді атыраулық әйел.
Әйел күйеуінен осы нәрсені ашық сұраған. Ол үн-түнсіз заттарын жинап, кетіп қалған.
2023 жылдың 20 қарашасында келіншек полицияға арыз жазды. Содан бері іс созылып кетті. “Дәлел жеткіліксіз” деп 6 рет іс тоқтатылыпты.
Атыраудағы судья оның бұрынғы күйеуінің тәтесі болып шықты.
Сот-медициналық сараптамада не делінген?
"Олар маған гинеколог пен проктологты өзіңіз табыңыз деді. Мұның бәрі қалай жасалатынын білмеймін. Сонда да іздей бастадым, балаларды жеке клиникаларға жаздым. Барсам, “мұндайда балалар ауруханасына өздері жібереді" деді. Облыстық балалар ауруханасына тек балалар омбудсмені Динара Закиеваның сенім телефоны арқылы ғана бара алдым. Хирургия бөлімінің меңгерушісі бізді қарап, екі баланың да тікішегінде бірнеше жара бар екенін, ал ұлымның нәжісін ұстай алмайтынын айтты”, – деді ол.
Тергеуші сот-медициналық сараптамаға балалар хирургын тағайындаған. Осылайша балаларға 10 рет сараптама тағайындалды. Себебі біліктілігі жарамаған. Ақырында 2024 жылы проктологты табады.
Екі баланың анасы редакциямызға проктолог Валерий Кривчач жүргізген сот-медициналық сараптама қорытындысын көрсетті. Онда екі баланың да тікішектегі жаралары “жыныстық зорлаудан болған” деген түйінге келді.
Айтуынша, бірақ проктологтың қорытындысы іс материалдарының электронды тізімдемесінен жоғалып кеткен. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, тізімдемеге енгізілмеген құжат дәлел болып саналмайды.
Психолог Маржан Еликулованың қорытындысы да ұсынылды. Психолог балаларға сурет салдырған, пластилинотерапия өткізген. Балалардың ер адамның жыныс мүшесін жиі салатыны байқалған. Тіпті үйдегі қабырғаларға салған.

Фото: Анасының жеке архиві (Балалар салған сурет)
Ал пластилин арқылы “әкелерің қай жерлеріңді ауыртты?” дегенге қол-аяғынан бөлек өздерінің әурет жерін көрсеткен.
Қылмыстық іс 6-рет тоқтады
"2025 жылдың 28 қарашасында іс алтыншы рет жабылды. Мен бұл туралы тек 17 желтоқсанда кездейсоқ білдім. Екі күн бойы мен прокуратураға шағым жазып, шешімді бұзу туралы өтініш білдірдім. 19-ында олар мені полиция бөліміне шақырды. Іс қайта ашылды деп ойлап, қатты қуандым. Алайда олай емес екен. Маған жала жаппауымды талап етті", – деді ол.
2025 жылдың 30 желтоқсанында Атырау облыстық прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойды. Тергеуші тағы бір сот-медициналық сараптама тағайындады.
Stan.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін Атырау полиция департаментінің баспасөз хатшысына хабарласты. Сөзінше, бірнеше мәрте сараптама тағайындалды және күдіктінің кінәсін анықтайтын дәлел табылмады дейді. Сол себепті іс тоқтатылған.
Қазақстандық ер адам егіз қызы мен ұлын зорлады деп айыпталды: Анасы бірнеше жылдан бері әділдікке жете алмай жүр