Ішек таяқшалары бар: Мамандар құйылмалы балмұздақтардың қауіпті екенін айтты
Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығынан салқындаймын деп балмұздақ жегіңіз келсе, мұқият болыңыз. Ал санитарлық дәрігерлер одан, тіпті, бас тартуға кеңес береді. Тексеріс нәтижесінде құйылатын суық тәттінің құрамында ішек таяқшалары бар екені анықталған.
Тек Алматының өзінде күн сайын 15 балмұздақтан уланып, инфекциялық ауруханаға түседі екен. Ал басқа өңірдегі жағдай қалай? Сатушылар неге санитарлық, тіпті гигиеналық ережелерді сақтамайды? Оларға жаза бар ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың ең сүйікті әрі дәмді өнімі - балмұздақ енді қауіпті десертке айналды! Басқасын айтпағанда, одан ұшынып жатқан кейбір алматылықтардың солай деп ойламасқа шарасы жоқтай. Өйткені қаладағы инфекциялық ауруханаға күн сайын оны жеп, өзін жайсыз сезінген 15 адам түседі екен. Бәрінің симптомдары бір.
"Жиі ауруханаға іш өту синдромымен қаралуға науқастар келеді. 10-15 шақты науқас келуі мүмкін. Бірақ, барлығын жедел ішек инфекциясымен келеді деп айта алмаймыз. Ол жедел ішек гастроинтериттер және тағамдық уланулар", - дейді дәрігер Тамара Утаганова.
Иә, аптап ыстықта салқындаймын деп, ауруханадан бір-ақ шығуыңыз әбден мүмкін. "Оның барлығы сатушылардың санитарлық нормаларды сақтамауынан болуда" дейді мамандар. Бас киім, алжапқыш, қолғаптың жоқ екенін былай қойғанда, қарапайым гигиенаның өзі жайына қалған.
«Арнайы тексеріс барысында көптеген заң бұзушылықтарды анықтадық. Арнайы киімдері мен медициналық кітапшалары мүлдем жоқ. Ол қайта бер жағы ғой. Тіпті, қол жууға жағдай жасалмаған. Демек ол кір қолымен сізге балмұздақты салып беріп жүр. Ал тұтынушылар оған назар аудармайды да», - деді қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.
Елімізде балмұздақ төңірегіндегі дау алғаш туындап жатқан жоқ. Былтыр Шымкентте оның құрамында стафилокок пен сальмонеллез анықталып, 200-ге жуық адам зардап шеккен еді. Сорақысы - оны сол балмұздақты дайындаған жұмысшылар таратқан. Осы оқиғадан кейін республика бойынша жаппай тексеріс басталып, тек елордамыздың өзінде сынамаға алынған бұл тәттінің 80 пайызында ішек таяқшалары анықталған болатын. Содан шығар, астаналықтардың көбісі құйылмалы балмұздақтан айналып өтуге тырысады.
–Жақындамаймын өз басым.
–Неліктен жақындамайсыз?
–Тазалығы жоқ, сондықтан ғой.
–Не деп айтасыз?
–Бас киімін қайда, қолғабың қайда деп, сосын киетіндері киеді, кимейтіндері тұрады сатпай.
–Бір рет алдым балама, сүт ащы ма, бірдеңе болды, содан бастап алмаймын.
Өкініштісі сол, балаларға тәтті болса болды, басқа ештеңеге мән бөлмейді.
Ал біздің заңның әлсіз тұсы осындайда байқалады. Жеке кәсіпкерлерге шағым түспейінше, мемлекет тексеріс жүргізе алмайды. Ал соны пайдаланған сатушылар, ереже дегенді мүлдем пысқырмайтын болыпты. Оны бізде анықтап көрдік!
Сюжет дайындау барысында қала ішін аралап, арнайы рейд жүргіздік. Алайда, балмұздақ сатушылардың бәрінің бірдей санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтап жатпағанын көрдік. Өйткені, тұтынушылардың өздері талап етпейді, оған сатушылар да әбден үйреніп алған. Ал мамандар, қоғам болып осыны өзгертпейінше, тәттілігіне қызығып, балмұздақтан ұшынатындардың көбеймесіне ешкім кепіл бола алмайтынын айтады.