Иранда 700 мың жыл бойы сөнді деп есептелген жанартау қайта оянды
Фото: Видеодан скрин
Иранның оңтүстік-шығысында орналасқан Тафтан жанартауы 700 мың жылдан соң қайта оянды. Ғалымдардың мәліметінше, жанартау беті 2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың мамырына дейінгі 10 ай ішінде шамамен 9 сантиметрге көтерілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл зерттеу Geophysical Research Letters журналында жарияланды. Мамандардың айтуынша, бұл құбылыс жанартау астындағы газ қысымының артқанын және Тафтанның енді толық “ұйқыда” емес екенін білдіреді.
Ғалымдар жанартаудың желдеткіш тесіктерінен күніне шамамен 20 тонна күкірт диоксиді, су буы, күкіртсутек пен фторлы сутек бөлінетінін анықтаған. Дегенмен, вулканолог Пабло Гонсалес жанартаудың жақын уақытта атқыламайтынын айтып, сабыр сақтауға шақырды.
“Бұл үрей тудыратын жағдай емес. Бірақ Иран билігі Тафтанды бақылауға көбірек көңіл бөлуі керек”, – деді ол.
Тафтан жанартауының биіктігі шамамен 3 940 метр. Ол Иран мен Пәкістан шекарасындағы таулы аймақта орналасқан.
Ғалымдар жанартаудың оянуы аймақты мұқият сейсмикалық бақылауды және тұрақты мониторингті қажет ететінін айтты. Өйткені алдағы жағдайдың қалай өрбитіні әзірге белгісіз.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
