Инемен емдеу кезінде өкпесін тесіп алған: Шығыс Қазақстанда қылмыстық іс тоқтатылды

72 жастағы кейуана шипажайда ем алып жатқанда оның өкпесін дәрігер инемен тесіп алған. Дәрігерге қатысты қылмыстық іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Өскеменнен 80 шақырым жердегі Выдриха ауылында орналасқан "Уба" шипажайында болған. Зардап шеккен әйелдің қызы Наталья Бугрованың айтуынша, ине салу процедурасы кезінде анасы қатты ауырсынуды сезген. Алайда ем жүргізген дәрігер бұған мән бермеген.
Кейін әйелдің жағдайы одан әрі нашарлаған. Туыстары зейнеткерді шипажайдан алып кеткен. Рентген нәтижесінде сол жақ өкпенің шөгіп қалғаны анықталды. Кейін дәрігерлер плевралық пункция жасап, кеуде қуысынан шамамен бір жарым литр ауа шығарған. Осыдан кейін науқастың жағдайы жақсарған. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, әйелде жарақаттан кейінгі сол жақты пневмоторакс болған.
Кейін Шемонаиха аудандық полиция бөлімі процедураны жүргізген ШҚО-дағы 55 жастағы дәрігерге қатысты “Медицина қызметкерінің міндетін тиісті деңгейде орындамау” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.
"Тергеу нәтижесі бойынша аталған полиция бөлімі қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатты. Қабылданған процессуалдық шешімді қадағалаушы прокурор бекітті", – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті.
Науқастың қызы Наталья Бугрова бұл шешімге шағым түсірмек.
"Олар процедурадан үш ай өткен соң теріден иненің ізін іздеді. Анам әлі күнге дейін болған жағдайдан кейін қалыпқа келіп жатыр", – деді Наталья.
Ал болған жағдайға кінәлі деп айыпталған дәрігердің қызы Ульяна бұған дейін блогер таратқан ақпаратқа құқықтық баға беруді сұрап отыр.
"Ресми тергеу аяқталды. Себеп-салдарлық байланыс анықталған жоқ. Интернетте тараған ақпаратқа ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғау аясында құқықтық баға беріледі", – деді ол.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті
Оқыңыз