Грант дауы: Талапкер грант жеңіп алғанына қарамастан министрлікті сотқа берген
Астана қалалық әкімшілік сотында Медина Майсар есімді талапкердің білім гранттарын бөлу ісі бойынша ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы шағымы қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Талапкердің мүддесін қорғайтын адвокат Халида Әжіғұлованың айтуынша, алғашында министрліктің 2 тамыздағы №388 бұйрығымен су тасқынынан зардап шеккен талапкерлерге гранттың 20 пайызын бөліп, "төтенше аймақтарға арналған квота" деп атаған. Ал жалпы білім туралы заңда 10 квота ғана көрсетілген, олардың арасында төтенше квота жоқ.
"Ғылым және жоғары білім министрлігі квоталардың жаңа санаттарын құруға емес, қолданыстағы квоталар мөлшерін бекітуге ғана құқылы. Бұл құқық тек Қазақстан парламентіне ғана берілген", – деді Әжіғұлова.
Әжіғұлова министрліктің өз өкілеттіктерін асыра орындағанын баса айтты. Ол министрдің грант бөлу туралы бұйрығын заңсыз деп тану туралы өтініш білдірді.
"Әрине, министрліктің бұл квотаны неге енгізгісі келгенін түсінеміз. Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін. Олар да біздің отандастарымыз. Бірақ министрліктің кейбір балаларға, басқа балалардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріп көмек көрсетуіне үзілді-кесілді қарсымыз. Олардың да білім гранттарын алуға құқығы бар", – деді Әжіғұлова.
Арызданушы Медина Майсардың өзі бұдан былай елімізде балалардың конституциялық құқығы бұзылмайтынына сенім білдірді.
Сотта сөз сөйлеген ғылым министрлігінің өкілі 27 тамызда министрлік гранттар тағайындау туралы 2 тамыздағы бұйрығына толықтыру енгізгенін атап өтті.
“Толықтыру енгізіліп, нәтижесінде Медина Майсар өзі оқығысы келген "Құқық" мамандығы бойынша мемлекеттік білім грантына ие болды. Осылайша, аталмыш бұйрық адамға әкімшілік ауыртпалық әкелетін әрекет болып табылмайды. Ол білім грантына ие болды және бұл құқықты толық пайдаланды. Ол өзі оқығысы келген университетте оқып жатыр. Бүгінде оның құқығы бұзылған жоқ, жүзеге асырылды", – деді министрлік өкілі.