Головкиннің бокс кешінде қазақстандық Әли Ахмедовты қарсыласы сұлатып салды
АҚШ-тың Флорида штатындағы Холливуд қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық Әли Ахмедов жеңіліс тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Ол екінші орта салмақта IBO әлем чемпионы титулына таласқан еді.
Головкин-Шеремета андеркартында өткен жекпе-жек барысында қазақстандық кәсіпқой боксшы, екінші орта салмақтағы WBC International Silver чемпиондық белбеуінің иегері Әли Ахмедов 11 раунд бойы эквадорлық Карлос Гонгорадан басымдық танытқан болатын. Алайда, 12-раундта иек астынан ауыр соққы алған Әли нокдаунға түсіп қалды.
Дегенмен, тез ес жиып, жекпе-жекті жалғастырған Қазақстан боксшысы екінші мәрте де дәл сондай апперкоттан нокаутқа түсті. Осылайша, бұған дейінгі 18 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 13 қарсыласын нокаутпен ұтқан 31 жастағы эквадорлық Карлос Гонгора IBO әлем чемпионы титулын жеңіп алды.
Бұл Әли Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісі.
Еске салсақ, осы жылдың қазан айында қазақстандық танымал боксшы Әли Ахмедов қарсыласын небәрі жарты минутта сұлатып салған еді.