Газа секторында Қазақстан азаматы мен оның 23 жастағы қызы мерт болды
Газа секторында қазақстандық әйел қызымен бірге қаза тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық Юлия Әбу-Меалақ Газа секторын атқылау салдарынан қаза тапты.
“22 қазанда Газа секторын атқылау салдарынан Қазақстан азаматы қаза болды. Өкініштісі, онымен бірге Палестина азаматы болған оның 23 жастағы қызы да мерт болды”, – деп мәлімдеді сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Отандасымыздың күйеуі – Палестина азаматы. Олар Газа секторында ұзақ уақыт бойы тұрған.
7 қазанда басталған Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс күшеюде. Қазақстан елшілігінің мәліметінше, Израильде консулдық есепте тұрмайтын 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін.
Еске салайық, 21 қазанда Израиль Газа секторын толық қоршауға алғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ спикері Авичай Адридің сөзінше, құрлық операциясы мақсаттарына қол жеткізілгенге дейін жалғасады. Сондай-ақ Израиль Газа секторына әскер кіргізуге дайын.