Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Газ шығу қаупі төнді": Алматыда мыңдаған тұрғын үй көгілдір отын мен жылудан ажыратылды

Алматыда мыңдаған тұрғын көгілдір отынсыз, жылусыз отыр. Себебі, "ҚазТрансГаз Аймақ" мамандары мегаполистің бірнеше ауданындағы жерасты газ құбырларынан ақау тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

газ скрин

Видеодан жасалған скрин

"ҚазТрансГаз Аймақ" мамандарының айтуларынша, бұл елді дүрліктерген жер сілкінісінің салдары болуы ықтимал. Ал құбырды шұғыл қалыпқа келтірмесе жарылыс, не адамға иіс тию қаупі көп. Сондықтан 130 көпқабатты және 180 жеке тұрғын үйді газдан ажыратқан.

"Мұзтау" шағын ауданының тұрғындары жылусыз отырғандарын айтып, шағымданады. Өйткені арнайы тексеріс жүргізген мамандар жерасты құбырынан газ шығып жатқанын анықтаған. Сондықтан жедел қауіпсіздік мақсатында 180 үйді көгілдір отыннан ажыратыпты. Қазір "Мұзтауда" апаттың екі ықтимал ошағы бар. Оның бірінде газдың қайдан шығып жатқаны нақтыланып жатыр. Ал екіншісіндегі жұмыс енді басталған.

“Жылу кешелі бері жоқ. Әйтеуір, құбыр желісінде апатты жағдай болды деп жатыр. Бірақ газдың қашан берілетінін айтпады. Қазір үйіміз салқын, жылыту пешін қосып отырмыз”, – дейді Алматы тұрғыны Алевтина Тен.



"Мұзтаудан" бөлек, қаланың қақ ортасындағы тағы бір ауданда 130 көпқабатты үй газдан ажыратылған. Мұнда да сол жағдай – құбыр желісіне зақым келген. Алайда ақаудың нақты неден екені белгісіз. Ол құбырдың шіруінен не дәнекерлерген тұсының сөгілуінен болуы мүмкін. Бірақ бұған күні кеше бір емес, бірнеше өңір халқын дүрліктірген дүмпулердің де әсер етуі ғажап емес дейді мамандар. 

“Газдың шығуын тоқтатпаған жағдайда ол канализация мен су құбырлары арқылы тұрғындардың үйлеріне баруы мүмкін. Иісі әжетханадан, қол жуғыштан шығуы ықтимал. Кішкентай ұшқын болған жағдайда әрі қарай адам шығынына әкеп соғу қаупі бар”, – деп түсіндіреді Жерасты газ құбырларын жөндеу маманы Асқар Тайлақов.

Асқар Тайлақов құбырды қалпына келтіру жұмыстарын кешіктірмей аяқтайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Алматы қаласындағы газ құбырының ұзындығы 4800 шақырым. Желінің тозу көрсеткіші 38% болып отыр. Мамандар мыңнан астам жерасты құдықтарын тексеріп, 80-ге жуық газ шығу дерегін анықтадық дейді. Ал кейінгі бір апта ішінде 20 факті тіркеліпті. Оның 12-і қалыпқа келтірілген. Қалған сегізінде жөндеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз электр, жылу және судың тапшылығын сезініп жатқанын айтып, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету керек екенін тапсырған.

Талқылау