Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз де адамбыз, біз де өмір сүргіміз келеді": Арыстықтар жарылыстан кейінгі өмірі туралы (фоторепортаж)

Арыстықтар үйлеріне оралды. Үйімізге қайтып бармаймыз, Шымкенттен үй немесе жер телімін берілуін талап етеміз деп шеру ұйымдастырған тұрғындардың жарылыс орын алған қалаға қайта келуіне не түрткі болды? Жойқын жарылыстан үрейленіп қалған халық қираған үйлеріне қалай кірді? Бұл сұрақтарға жауап алу мақсатында Stan.kz өңірдегі тілшісі халықпен бірге Арысқа барып қайтты.

Шымкенттегі эвакуациялық пунктердің барлығында таңғы сағат 6-дан бастап Арысқа қарай жолаушы тасымалдайтын автобустар жолға сақадай-сай дайын тұрды. Оларды шығарып салу үшін жергілікті биліктен бастап, қарапайым халыққа дейін жиналды.    

Жолға шыққан арыстықтар көңіл-күйіміз жақсы деп сендіргісі келгенімен, жанарларынан қорқыныш пен үрейді анық сезуге болады.

«Ешқандай қорқыныш жоқ. Бәрі жақсы болса екен деп үміттенеміз. Уәде еткендей, енді жарылыс болмайды деп ойлаймыз. Негізі бізге тек материалдық емес, моральдық тұрғыда да қолдау керек. Мәселен, менің балам қатты қорыққаны соншалық тілінде кінәраты пайда болды», - деді тұрғын Сулеймани Мина.

Оның жерлесі Орынкүл Төлендиева өз сөзін шымкенттіктерге алғыс айтудан бастап, арман-тілегін де жасырып қалмады.

«Шымкенттіктерге рахмет, жақсы қарсы алып, жақсы шығарып жатыр. Ал кешегі өткен шеруге айтсам, өз басым қолдамайтын едім. Дұрыс емес, себебі мұндағылар бізге қолынан келген көмегін аяп қалған жоқ. Бәлкім оттың ортасынан шығып, азапты көргендер сондай қадамға барған шығар. Бірақ, сондай қорқынышты көрген арыстықтардың тілегі орындалуы тиіс. Үйі жоқтарға үй берілсе, лажы болса, Шымкентке орналастырылса. Біз де жақсы өмір сүргіміз келеді ғой», - деді кейуана.

Арыстағы жарылыс

Айтпақшы, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов арыстық тұрғындар бірнеше күн тегін азық-түлікпен қамтамасыз етілетінін айтты. Себебі жарылыстан қалған азық-түлік толықтай жойылуы тиіс. Ал өсіп тұрған көкөніс немесе жидектерден келер қауіп жоқ.  

Арыстағы жарылыс

Сонымен, ұзын-сонар колонна болып жолға шыққан автобус полицейлердің жол сілтеуімен Арысқа да келіп жетті.

Қала әкімдігі жанында аялдаған тұрғындар өздерімен бірге азық-түлік алып келгенді де жөн санаған. Оған қоса эвакуациялық пунктіде берілген киім-кешектері де бар. Соларын кезекпен автобустан түсіруге кірісті. Арасында әңгімеге тартылып, өз сезімдерімен де бөліскендері болды.

«Шымкенттегі жатақханада 4 күн тұрдық. Жақсы, үш мезгіл тамақтандырды. Енді көреміз, елімізге, туған жерімізге оралдық қой. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Арысқа қайтуыма мені ешкім күштеген жоқ. Өз еркіммен келдім. Үйім осында. Шыны керек, үйімнің қандай күйде екенін әлі білмеймін», - деді Гүлзия есімді келіншек.   

Арыстағы жарылысАл мына бір қария жарылыс дауысынан үрейленіп қалғанын жасырмады.

Арыстағы жарылыс«Бомба» қайталанбаса болды. Солай деп жатыр ма биліктегілер? Солай болсын. Қоян жүрек боп қалдық әйтпесе... Бастысы, отбасымның барлық мүшесі аман. Станция «Талдықұдықта» тұрамын. Үйіме жеткенше асығып отырмын.

Осы ретте шымкенттік ағайынға алғыс айтамын. Ондағы халық сондай мейірімшіл. Біз бас сауғалап келіп жеткен күннен бастап бірі бауырсағын, енді бірі еті мен қуырдағын пісіріп әкелді. Пунктіде бізге жақсы қарады. Тіпті үйімізде болмаған тамақтың  түр-түрін берді. Барын аяп қалған жоқ», - деді 63 жастағы ақсақал.  

Арыстағы жарылысБес баланың әкесі Азамат Байтанаев барар жері болмағандықтан, отбасымен түгел осында оралғанын айтты. «Үрей, әрине, бар. Сейіледі деп ойлаймын. Уақыт – емші дейді ғой» деп әлденені айтқысы келген ойын қысқа ғана қайырды.

Арыстағы жарылысАрыстық тұрғын Рахат Әкенова болса, қауіпсіз жерде өмір сүргісі келетінін жасырмады.

Арыстағы жарылыс

«Бұл жарылыс бірінші рет емес, неше рет атылды. Білмеймін алда не болатынын. Ойлаудың өзі қорқынышты. Үйімізге қайта келгіміз келмесе де келдік. Басқа қайда барамыз? Қазір қалтаңда ақшаң болса, дегенің жүретін заман болды ғой. Алла амандық берсін», - деді ол.

Арыстағы жарылыс

Шымкенттен келген автобустардан артылып келген жүктің бәрі түсіріліп болған соң, ондағы орталық алаңда наразы болған халық жиналды.

Арыстағы жарылыс

«Арыстамыз, өз Отанымызда. Бастысы, үйімізге оралдық. Бірақ бізге сендерді күтіп алады деп еді. Қайда олар? Неге күтіп алмайды? Оның өзі көңіл ғой. Сондай сұмдықты көріп келген бізге ол сәл де болсын демеу болар еді», - деді бір топ әжей.

Арыстағы жарылыс

Халықтың автобустан түсіп, алаңда аялдап тұрғанына шамамен жарты сағаттай уақыт өткенде ортада ренішін айқаймен жеткізген тұрғын көптің назарын өзіне аудартты.

Арыстағы жарылыс

«Әкімшіліктен ешкімді көріп тұрғаным жоқ. Бізді күтіп алып жатқандар - журналистер. Уәде еткен үйлері қайда?» деп жанайқайын айтқан ол ашуға берілгені соншалық, өкпесін үсті-үстіне жеткізді.

«Әскери бөлімше жақта екі үйіміз болды, екеуі де жанып кетті. Балаларым, сегіз немереммен далада қалдым. Шымкентте қала бергім келді, бірақ Арысқа баруларың керек, сендерді мектептің жатақханасына немесе қонақ үйге орналастырады деген соң келіп едім, жарты сағат өтті. Әлі тұрмыз. Екі айлық немеремнен обал. Таңғы бестен бері ас-ауқат жемедік. Балаларым аш жүр. Неге бізді олай алдайды?» - деді ашынған тұрғын Нағима Әбдіхалықова.

Осы сәтте орталық алаңға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі келіп қалды.

Бар өкпе-ренішін жеткізген 8 баланың әжесі билік уәдесінде тұрмады, айтқанын жасамады дегені сол аймақ басшысы қызметкерлеріне бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Үйінің күл-талқаны шыққан отбасы әкімнің көлігіне отырып, уақытша пана болатын орынға кетті.

Арыстағы жарылыс

Айта кетерлігі, бұған дейін халыққа зақым келген үйлер мен нысандар мемлекет есебінен жөнделетінін уәде етіп келген әкім бұл жолы да уәдесін қайталап, халықты ешнәрсеге алаңдамауға шақырды.

Арыстағы жарылыс

Ал қиын кезеңде демеу бола білген қайырымды жандардың арнайы қорға бөлген қаржысын (Автор - Қазіргі таңда қорда 721 млн теңге жиналған) бөлуді билік Арыстың белсенді азаматтары әрі ақсақалдарымен ақылдаса шешетінін айтты.

Арыстағы жарылыс

«Біз ол қаржыны тұрғындардың бәріне бөліп беретін боламыз, бөлу механизмі әлі нақтыланады. Өзін-өзі басқару деген жүйе бар, соны қосамыз ба деп отырмыз. Арнайы кеңес құрамыз, белсенді, беделді адамдардан құралған комиссия қай отбасында қанша бала-шаға бар, кімнің материалдық жағдай өзгелерден төмен - осы сепкілді жайттар негізге алынады. Жағдайы нашарларға көбірек көмек беріледі», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Арыстағы жарылыс

Мәселелері шешіле бастаған тұрғындар жәймен үйлеріне тарқасты. Ал үйінің түгі қалмағандары уақытша пана болатын орынға жол тартты. Айтпақшы, үйлеріне оралған халыққа арнайы жаднамалар  таратылды.

Арыстағы жарылыс

Мәселен, егер үйде күдікті зат байқаса, ешбір әрекет етпестен, 102 немесе 112 нөміріне хабарласулары қажет. Ол снаряд болуы мүмкін. Сондай-ақ, су құбырынан аққан тіршілік нәрін бірден тұтынуға болмайды.  15-20 минут кранды ағызып, іште тұрып қалған суды сыртқа шығаруы керек. Немесе суды қайнатып барып ішкен абзал.

Арыстағы жарылыс

Шарапат Елқожинова көршілері секілді үйіне бірден кіре алмады. Ауласында екі ірі снаряд қалдығы жатты. Онсыз да жарылыс дауысы әлі де құлағының түбінен кете қоймаған келіншек снарядтарды көргенде әбден қобалжыды. Саперлар шамамен екі сағатқа жуық уақыттан соң келді. Мамандар мұны тұрғын үй аулаларында жарылған снарядтардың көптеп кездесуімен байланыстырды.

Арыстағы жарылыс

Абырой болғанда Шарапаттың ауласындағы снарядтардан келер қауіп жоқ болып шықты. Саперлар оны өздерімен бірге алып кетті.  

Айта кетейік, Арыста снаряд қалдықтарын тазалау мақсатында 500-ден аса сапер жұмылдырылған. Олар кезекпен тәулік бойы жұмыс істеуде.  

Арысқа арнайы келген ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тұрғындарды сабырға шақырып, қалада енді ешқашан жарылыс болмайтынын айтты. Себебі 24 маусым күні орын алған жарылыс кезінде әскери бөлім қоймасындағы оқ-дәрілердің басым көпшілігінің көзі жойылған. Ал қалғаны жақын арада халық жақын қоныстанбаған аумаққа көшіріледі.

Арыстағы жарылыс

«Арыстағы бұл арсенал 1930 жылы құрылған. Ол кезде халық болмаған. Бос жатқан дала еді. Жылдар өте халық әскери бөлімшеге жақын маңға қоныстана бастаған. Енді алаңдауға еш негіз жоқ. Арсенал жойылады, ал әскери бөлімшенің өзінен келетін қауіп жоқ. Онда оқ-дәрі сақталмайды. Қалған инженерлік оқ-дәрілер Қазақстандағы басқа қоймаларға жөнелтіледі", - деді министр.

Айта кетейік, дүйсенбі, 24 маусым күні, Түркістан облысы, Арыс қаласында ірі жарылыс орын алды. Әскери бөлімшенің оқ-дәрі қоймасынан шыққан жарылыстың себеп-салдары әзірге нақтыланбады. Министр бұл бойынша тиісті тергеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Кінәлілер анықталса, оларға берілетін жаза – өте қатаң болатынын айтты.


"Митинг кезінде бола алмадым": Арыс әкімі жарылыс кезінде қайда болғанын айтты
Талқылау