Жолаушылар ұшқышты басқаруды қолға алған: Flydubai рейсі таңғажайыппен аман қалды
30 қыркүйекте апаттан әрең аман қалған Flydubai әуе компаниясының Boeing 737 MAX 8 ұшағы оқиға кезінде айтарлықтай зақымданған. Соған қарамастан, лайнерді қауіпсіз қондыру мүмкін болған. Авиация мамандары мұны сәттіліктің тағы бір үлкен көрінісі деп бағалап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Flydubai компаниясының FZ1073 рейсі Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған. Ұшу кезінде екінші пилот кенеттен экипаж командиріне пышақпен шабуыл жасаған. Кабинада төбелес басталып, осы сәтте ұшақ өте жылдам төмендей бастаған.
Жолаушылар шабуыл жасаған екінші пилотты залалсыздандырып, сол рейсте жолаушы ретінде ұшып келе жатқан Flydubai компаниясының басқа ұшқыштары әуе кемесін басқаруды қолға алған. Кейін Boeing 737 MAX Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук қаласына шұғыл қонған.
Ұшақ қонғаннан кейін түсірілген суреттерден оның бағыттаушы рулі қатты зақымданғанын көруге болады. Тік құйрық бөлігінде орналасқан бұл механизмнің негізгі бөлігі жойылған.
Бағыттаушы руль ұшақтың көлденең бағыттағы қозғалысын түзетуге көмектеседі. Әсіресе, қону кезінде оның маңызы зор. Мәселен, бүйірден қатты жел соққанда пилоттар осы рульдің көмегімен ұшақтың тұмсығын ауа ағынына қарсы бағыттап, лайнерді ұшу-қону жолағына дәл түсіреді.
Авиация инженері зақымның жоғары жылдамдық кезінде рульдің күрт бұрылуынан туындаған шамадан тыс күштің әсерінен пайда болуы мүмкін екенін айтқан.
Оқиға кезінде ұшақтың биіктігі өте жылдам төмендеген. Мәліметтерге сәйкес, Boeing шамамен 30 секундтың ішінде 4,3 шақырымға жуық төмендеген.
OSINTtechnical есебі бойынша, осы уақытта ұшақ рұқсат етілген ең жоғары пайдалану жылдамдығынан шамамен 100 түйінге, яғни сағатына 160 шақырымға жуық артық жылдамдықпен ұшқан.
Flightradar24 деректері де күрт төмендегеннен кейін ұшақтың шұғыл бұрылыс жасағанын көрсетеді.
Авиация мамандары бағыттаушы рульдің мұншалықты зақымдануына қарамастан ұшақтың аман қонуын сирек кездесетін жағдай деп бағалайды.

Израильдік пилот Павел Семченконың айтуынша, авиация тарихында бағыттаушы рульдің ақауына байланысты бірнеше апат болған. Бұл жолы қайғылы жағдай болмауына пилоттардың кәсібилігімен қатар, сәтті жағдайлардың да әсері тиген.
Оның сөзінше, зақымданған руль бөліктерінің ауа ағынымен бір бағытта қалып қоюы да үлкен сәттілік болған. Егер олар басқа жаққа қисайып қалғанда, ұшақтың бағытына кедергі келтіріп, жағдайды одан сайын қиындатуы мүмкін еді.
“Егер бүйірден қатты жел соққанда, ұшақты жолақтан шығарып жіберу қаупі де болған. Бірақ бұл жолы бәрі сәтті аяқталды. Рульдің бөліктері ауа ағынымен киль бағытына теңесіп қалды. Егер олар ұшаққа кері күш түсірсе, жағдай мүлде басқаша болуы мүмкін еді. Меніңше, нағыз ғажайып осы”, – деді Семченко.
Ол сондай-ақ бағыттаушы руль ұшу биіктігінде көбіне автоматты жүйе арқылы басқарылатынын, ал қону кезінде, әсіресе бүйірден жел соқса, мұндай ақау ұшқыштарға қосымша қиындық туғызатынын түсіндірді.
Оқиға кезінде басты рөлді әуе кемесінің командирі, үндістандық пилот Смит Маччхар атқарған.
Ол екінші пилоттың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, жараланып, қан жоғалтып жатса да кабина есігін аша алған. Әуе кемесінің кабинасын тек ішкі жақтан ашуға болатындықтан, дәл осы әрекет жолаушылардың ішке кіруіне мүмкіндік берген.
Кабинаға алғаш кіргендердің бірі – израильдік Янив Хаюн. Ол шабуыл жасаған екінші пилотты залалсыздандырып, осы сәтте үлкен жылдамдықпен төмендеп бара жатқан ұшақты теңестірген.
Хаюн кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен кезде ұшақты қалай басқарғанын айтып берген.
“Мен “Әуе апаттарын тергеу” бағдарламасын көремін. Ұшақты түзете бастадым, кейін пилот маған әрі қарай өзі басқаратынын айтты”, – деген ол.
Екінші пилоттың не себепті экипаж командиріне шабуыл жасағаны әзірге ресми түрде хабарланған жоқ. Reuters Израиль билігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасаған екінші пилоттың жалғыз әрекет еткенін жазды.
Осылайша, ұшақтағы шабуыл, күрт төмендеу, рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету және бағыттаушы рульдің қатты зақымдануына қарамастан, Boeing 737 MAX 8 аман-есен қонған. Мамандар мұны ұшқыштардың кәсібилігі мен сәтті жағдайлардың үйлесуі деп бағалап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы әуеде басып алу белгісін бергені туралы жазған едік. Ұшақ қонар кезде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.
Қазақстан әскеріндегі шулы істер: Сарбаздар өлімі бойынша кімдер сотталды