Еуразия экономикалық одағы мен Қытай арасында "ортақ валюта" пайда болады: Министрлік пікір білдірді
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев әлеуметтік желіде тараған тәуелсіз халықаралық валюта-қаржылық жүйені құру жобасы туралы ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Еуразия экономикалық одағы мен Қытайдың тәуелсіз валюта-қаржылық жүйе жобасын құрастырып, жаңа ортақ валюта енгізетіні туралы ақпарат тараған болатын.
"Министрлер деңгейінде мұндай сұрақ талқыланған жоқ. Еуразия экономикалық одағында маңызды тақырыптар мен сауалдар талқыланатын арнайы алаңдар бар. Мысалы, ведомствоаралық органдар мен мемлекетаралық органдар. Еуразия экономикалық одағы аясында бұл сұрақ көтерілген жоқ", - деді Жамаубаев.
Министр қазақстандықтар мен БАҚ-ты тек ресми дереккөздеріне ғана сенуге шақырды.
"Біздің Telegram-арналарымыз бар: Ақордада, үкіметте және мемлекеттік органдарда да. Мен тұрғындарды даурықпауға және өсек-аянға байланысты жағдайды ушықтырмауға шақырамын", - деп түйіндеді ол.
Ресейлік басылымдардың мәліметінше, бұл мәселе 11 наурызда Еуразия экономикалық одағы мен Қытай халық университетінің өкілдері арасында видеоконференция режимінде талқыланған.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Ресейдің Қытайдан әскери және экономикалық көмек сұрағаны туралы ақпарат тараған еді.