Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан банктеріне осы жылы 139 миллион теңгеден астам айыппұл салынған: Қай банк, не үшін жазаланды

банк
Фото: ChatGPT

Қазақстанда жыл басынан бері екінші деңгейлі банктерге 139,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынғаны анықталды. Ең ірі айыппұл ADCB Ислам банкі мен Shinhan Bank Kazakhstan-ға тиесілі болған екен. Stan.kz Ұлттық банктің деректерін талдап, қай банк қанша айыппұл алғанын және қандай талапты бұзғанын анықтады.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова президентке биылғы сегіз айда қаржы саласындағы ұйымдарға 465 миллион теңге айыппұл салынғанын мәлімдеген еді. Ал екінші деңгейлі банктерге салынған айыппұл көлемі 139 миллион теңгеден асады. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, биыл алты банкке 17 рет айыппұл салынған. Бұдан бөлек банктерге 29 рет ескерту жасалған.

Ең көп айыппұл ADCB Ислам банкіне салыныпты

Айыппұл көлемі бойынша бірінші орында ADCB Ислам банкі тұр. Банкке 31 наурызда төрт рет айыппұл салынып, жалпы сомасы 71,3 миллион теңгеге жеткен. Оның ең ірісі – 69,5 миллион теңгені құраған. Бұдан бөлек банк төрт рет ескерту алған.

"Банк ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу немесе сату тәртібін бір жыл ішінде қайталап бұзған. Сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы есептерді толық емес немесе дұрыс емес ұсынған. Осы деректер бойынша банк әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Қалған үш айыппұлдың көлемі – 259,5 мың, 519 мың және 973,1 мың теңге. Нәтижесінде ADCB Ислам банкіне салынған айыппұл барлық банктерге есептелген соманың жартысынан астамын құрап отыр.

Shinhan Bank-қа 61,4 миллион теңге айыппұл салынды

Екінші орында Shinhan Bank Kazakhstan тұр. Банкке екі рет айыппұл салынып, жалпы сома 61,4 миллион теңгеге жеткен. Оның 61,2 миллион теңгесі бір заңбұзушылыққа тиесілі. Бұдан бөлек банк жеті рет ескерту алған.

"Shinhan Bank Kazakhstan шетел валютасын сатып алу немесе сату тәртібін бір жыл ішінде қайталап бұзған. Сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы есепті толық емес немесе дұрыс емес ұсынған. Банкке аталған фактілер бойынша әкімшілік жаза қолданылды", – деп көрсетілген Ұлттық банк дерегінде.

Екінші айыппұлдың көлемі 194,6 мың теңгені құрады. ADCB Ислам банкі мен Shinhan Bank-қа салынған айыппұлды қоссақ, 132,6 миллион теңге шығады. Бұл барлық соманың шамамен 95%-ы құрап отыр.

Bereke Bank алты рет айыппұл алған

Айыппұл саны жағынан Bereke Bank көш бастап тұр. Банкке жыл басынан бері алты рет айыппұл салынып, жалпы сома 5,8 миллион теңге болған. Ең ірі екі айыппұлдың әрқайсысы 2,16 миллион теңгеден. Тағы екі рет ескерту жасалған.

"Банк шетел валютасын сатып алу және сату бағамдары арасындағы белгіленген шекті сақтамаған. Сонымен қатар валюта операциялары бойынша толық емес немесе дұрыс емес есеп ұсыну фактілері анықталды. Астанадағы филиалдың айырбастау пунктіндегі ақпараттық тақтада көрсетілген бағам да сол күнге белгіленген сатып алу және сату бағамына сәйкес келмеген", – делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Қалған айыппұлдар 1 миллион 38 мың, 194,6 мың, 216,2 мың және 64,8 мың теңгені құраған.

Еуразиялық банкке екі рет айыппұл салынған

Еуразиялық банкке салынған екі айыппұлдың жалпы сомасы 475,7 мың теңге болды. Оның бірі мамырда, екіншісі тамызда тіркелген. Бұдан бөлек банк үш рет ескерту алған.

"Банк айырбастау пунктінің 30 күннен астам уақыт жұмысын уақытша тоқтатқаны туралы Ұлттық банкке белгіленген мерзімде хабарламаған. Сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс туралы толық емес немесе дұрыс емес есепті қайталап ұсынған", – делінген деректе.

Осы екі жағдай бойынша банкке тиісінше 216,2 мың және 259,5 мың теңге айыппұл салынған.

Halyk Bank екі рет айыппұл алған

Halyk Bank-ке биыл екі рет айыппұл салынған. Жалпы сомасы – 324,3 мың теңгені құрады. Бірінші жаза сәуірде, екіншісі мамырда тіркелген.

"Банк экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарттарға қатысты есепті белгіленген мерзімде ұсынбау талабын бір жыл ішінде қайталап бұзған. Сондай-ақ валюталық операциялар туралы толық емес немесе дұрыс емес мәлімет ұсынған", – деп көрсетілген Ұлттық банк дерегінде.

Бірінші жағдайда айыппұл 259,5 мың теңге, екіншісінде 64,8 мың теңге айыппұл төлеген.

Freedom Bank-ке 64,8 мың теңге айыппұл салынған

Freedom Bank Kazakhstan-ға бір рет 64 875 теңге айппұл төлеген. Бұдан бөлек шілдеде банк Ұлттық банк тарапынан екі рет ескерту алған. 

"Банк валюталық операциялар бойынша толық емес немесе дұрыс емес есепті қайталап ұсынған. Ескертулер валюта айырбастау операциялары бойынша белгіленген нысандағы есептерге қатысты берілген", – делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Ал қай банктер тек ескертумен шектелген? 

Ақшалай айыппұл алмағанымен, бірқатар банк Ұлттық банктің ескертуіне іліккен. Олардың арасында Kaspi Bank, Bank RBK, Citibank Kazakhstan, ForteBank, Bank of China Kazakhstan, Заман-Банк және Alatau City Bank бар.  

"Банктерге қаржылық және өзге де есептілікті белгіленген мерзімде ұсынбау, толық емес немесе дұрыс емес мәлімет беру, валюталық операцияларға қатысты талаптарды сақтамау фактілері бойынша ескертулер жасалған", – делінген Ұлттық банк деректерінде.

Осылайша ескерту алған банктердің басым бөлігінде мәселе есепті уақытында тапсыруға немесе ондағы мәліметтердің дұрыс болмауына қатысты болған. Ал кейбір банктерде валюта айырбастау мен валюталық операцияларға қойылатын талаптардың сақталмағаны көрсетілгені анықталды.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 17:35