Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әпкесінің балабақшасына 1,3 млрд теңге аударған": Түркістан облысы әкімдігі желіде тараған ақпаратқа жауап берді

Балабақша
Фото: Magnific.com

Түркістан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпарат қызу талқыға түсті. Желіде экс-басшы туысына тиесілі делінген балабақшаға бюджеттен 1,3 млрд теңге аударды деген айып айтылған. Облыс әкімдігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода әйел Ордабасы аудандық білім бөлімінің қазіргі басшы міндетін атқарушыға бірқатар сұрақ қояды. Автордың сөзінше, бөлімді 2017-2024 жылдары басқарған шенеунік 1,3 млрд теңге бюджет қаражатын туған әпкесі немесе сіңлісіне тиесілі балабақшаға бағыттаған.

Видеода бөлім өкілі кәсіпкерлердің өзара туыстық байланысы арнайы тексерілмегенін айтады.

“Ешкімге кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынбаған. Кімнің кіммен қандай туыстық қатынаста екенін біз зерттеген жоқпыз”, – дейді ол.

Ал Түркістан облысының әкімдігі әлеуметтік желіде айтылған “1,3 млрд теңге заңсыз аударылды” деген ақпаратты жоққа шығарды.

Әкімдік түсіндірмесіне сәйкес, жекеменшік балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысы мен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы қаражат алады. Қаржы балабақшадағы бала саны мен бекітілген нормативтерге қарай есептеледі. Сондықтан қаржы бөлу білім бөлімі басшысының жеке шешіміне байланысты емес.

Сондай-ақ әкімдік желіде көрсетілген 1,3 млрд теңге сомасы тиісті кезеңдегі нақты қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Алайда балабақшаға іс жүзінде қанша қаражат бөлінгені нақтыланбады.

Даудың тағы бір жалғасы бар. Қазір Түркістан облысының Төле би ауданында қызмет атқаратын бұрынғы бөлім басшысы өзі туралы ақпарат таратқан азаматқа қатысты сотқа жүгінген.

Шенеунік әлеуметтік желіде жарияланған мәліметтерді шындыққа жанаспайды әрі ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп есептейді.

Облыс әкімдігі істегі жайттарға құқықтық бағаны сот беретінін айтып, бюджет қаражатына қатысты ақпарат таратқанда ресми құжаттар мен тексерілген деректерге сүйенуге шақырды.

Айта кетейік, әкімдік дауға арқау болған балабақша иесінің бұрынғы білім бөлімі басшысының туған туысы екені жөніндегі ақпаратты әзірге нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 17:55