Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ертіс өзенінен екі адамның денесі шығарылды: Оның бірі шетелдік

Ертіс суға батты адам табылды
Фото: magnific.com

Кеше Павлодардағы Ертіс өзенінен ер адам мен 18 мамыр күні із-түссіз жоғалып кеткен әйелдің денесі табылып, шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Наша Жизнь" порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Ертіс өзенінен 1990 жылы туған Ресей азаматының мәйітін алып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам 28 мамырда суға түсіп, батып кеткен.

Ол өзен жағасында демалып жүрген кезде жоғалып кеткен.

“Ол достарымен бірге жағалауда болған, кейін суға шомылып, су астына кетіп жоғалған. Оны іздеу жұмыстары бірнеше күн бойы жүргізілді. Ер адамның мәйіті өзен ағысымен төмен орналасқан автогуж көпірі маңынан, суға батқан жерден шамамен екі шақырым қашықтан табылды”, – деп мәлімдеді ТЖД.

Сондай-ақ бүгін Ертіс ауданына қарасты Иртышск ауылы маңында Ертіс өзенінің бір саласынан құтқарушылар 1990 жылы туған әйелдің мәйітін тапты. Ол 18 мамыр күні белгісіз жағдайларда суға батып кеткен еді.

Бұған дейін Қарағандыда екі үндістандық студенттің Федоровское су қоймасында суға батып, көз жұмғаны туралы жазған едік. Қаза тапқандар 21 және 22 жастағы жігіттер болған. Құтқарушылар олардың денелерін жағадан 15 метр қашықта және шамамен бес метр тереңдіктен тапты.

"Трагедия болған жер жүзуге арналмаған және демалушылар үшін қауіп төндіреді. Бұл аймақтағы су қоймасының түбі тегіс емес, тереңдігі күрт өзгереді. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр", – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 08:09