Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін полиция тексере ме: Ішкі істер министрлігі жауап берді

мектеп
Фото: magnific.com

Ішкі істер вице-министрі мейрамханаларда өтетін мектеп бітіру кештерін полиция тексере ме деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер түлектерге арналған салтанатты кештерді ойын-сауық орындарында өткізуге қойылған тыйымның сақталуы қалай бақыланатынын сұрады.

Санжар Әділовтің айтуынша, мұндай шектеу енгізу туралы шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдаған. Ал полицейлер тек өз құзыреті аясында әрекет етеді.

“Ішкі істер органының қызметкерлері қандай да бір мекемелерді арнайы аралап, тексеру жүргізбейді. Полицейлер құқық бұзушылық туралы хабар түскен жағдайда ғана әрекет етеді. Егер әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталса, кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін тиісті шаралар қабылданады”, – деді Әділов.

Қазақстан мектептерінің түлектеріне аттестаттарды тапсыру рәсімі 18 маусымға жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мектеп бітіру кешін тойханалар мен демалыс орындарында өткізуге қатаң тыйым салынғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 16:12