Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде "Алтын белгі" үміткерлеріне деген талап қатаңдатылды

Енді "Алтын белгіге" үміткер түлектер Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында “Алгебра және анализ бастамалары” пәнінен емтихан тапсыруы керек. Білім және ғылым министрлігіндегілер сұрақтар мен пәннің еш өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

белгі

Шолпан Қаринованың сөзінше, 2021 жылы мұғалімдердің тамыз кеңесінде "Алтын белгі" үміткерлеріне қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күшейту туралы шешім қабылданған.

“Алтын белгіге" үміткерлер үшін енгізілген өзгерістер академиялық адалдық пен ашықтықты сақтауға бағытталған. Біз осындай өзгерістерді оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіп жатырмыз және бұл жұмыс жалғасын табады. Оқушы өз мектебінде емтихан тапсырғанда, мұғалімі оған көмектескісі келеді. Бұл - дұрыс емес. Жақсы оқыған оқушы қорықпайды. Бірақ бас тартқандар да өздері біледі”, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, “Алгебра және анализ бастамалары” бұрыннан бар пән, яғни оқушыларға таныс.

"Бұл жаңа пән емес. Бұған дейін түлектер бес емтихан тапсыратын. Сондықтан жаңа пән, жаңа сұрақтар емес. Үміткер Назарбаев зияткерлік мектебінде емтихан тапсыруы керек. Мұнда оның жетістіктеріне сырттай баға беріледі", – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова. 

Оның сөзінше, оқушылар Назарбаев зияткерлік мектебіндегі емтиханнан бас тарта алады. Мұндай жағдайда оқушы өз мектебінде емтихан тапсырады. Емтиханды 5-ке тапсырса, оған "Алтын белгінің" орнына үздік аттестат табысталады. 

Сондай-ақ шалғай елді мекендерде тұратын “Алтын белгі” үміткерлері Назарбаев зияткерлік мектебі базасында емтихан тапсыруы үшін көлікпен қамтылады, жауапты қызметкер жолда алып жүреді. 

Министрлік мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2021/2022 оқу жылында "Алтын белгіге" үміткер 7,5 мыңнан аса түлек бар.

Талқылау