Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Сметов Париж олимпиадасының жеңімпазы атанды

Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстанға алғашқы алтынды әкелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Финалдық белдесуде 31 жастағы қазақстандық француз дзюдошысы Лука Мхеидземен (60 келіге дейін) кездесті. Жекпе-жек аяқталуға бір минут қалғанда Елдос ваза-ари жасады.

"Елдос ерледі, ағайын! Балуанымыз Париж Олимпиадасының алғашқы алтын жүлдесін сыйға тартып, бәрімізді қуанышқа бөледі. Құтты болсын! Естеріңізде болса, 2019 жылы Парижде өткенде Grand Slam жарысында Елдос күміспен күптелген еді. Балуанымыз бүгін де өз мықтылығын дәлелдеп, Париж төрінде екінші рет жүлде алды. Елдосты бүгінгі жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Олбұған дейін Рио және Токио Олимпиадаларында да жүлдегер атанған еді. Жеңісті жолды бұл жолы да жалғастырды. Бүгін дзюдошылардың өнерін арнайы барып көрдім. Оңай болған жоқ. Олимпиадаға осал спортшы келмейді. Жарыстың алғашқы күніндегі жүлде өзге де олимпиадашыларымызға жұғысты, жеңіс жалғасты болғай", – деді Ермек Маржықпаев.

Бұған дейін 60 келіде сынға түскен спортшы алғашқы айналымда нидерландық Торнике Чакадуадан басым түсті. Ал екінші кезеңде украин Дильшот Халматовпен белдесті. Сметов Халматовты “вазарри” әдісімен жеңіп, ширек финалға шықты. 

Ал ширек финалда тайпейлік Янг Вэйден басым түсіп, жартылай финалға жолдама алған еді.

Жартылай финалда испаниялық Франсиско Гарригоспен белдесіп, жарқын жеңіске жетті. Осылайша, Сметов Париж олимпиадасының алтын жүлдесіне таласу мүмкіндігіне ие болды. 

Тараздық татами шебері осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасында финалға шыққанымен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелген. Ал Токиодағы ойындарда Торнике Чкадуаны жығып, үздік үштікті түйіндеген. Ал бүгін Елдос өміріндегі басты белдесуде бар шеберлігін паш етті.

 

Талқылау