Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі мыңнан аса тұрғын жиналған: Жаңаөзен әкімі митингке шыққандарға видео арқылы үндеу жасады

Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға видео үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Өңір басшысының сөзінше, әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.

“Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады. Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда”, – дейді ол. 

Айтуынша, Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді.

“Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды.  Бірақ ұсыныс қабылданбады. Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!" – дейді әкім.

Айта кетсек, бұған дейін Жаңаөзенде алаңға жиналған жұрттың саны екі мыңға жуық екенін хабарлаған болатынбыз. 

Сондай-ақ мұнайшыларды босатуды талап етіп, Жаңаөзенде “Кезби” ЖШС мен “БЖБ” кәсіпорындарының жұмысшылары жұмыстарын тоқтатты. Олар видеоүндеу жолдап, өз талаптарын жеткізді.

Жиналғандар 2011 жылы наразылық білдірген мұнайшыларды ұстау кезінде көптеген адамдар қаза тапқанына назар аударды. Олардың айтуынша, сол кезде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзенде болып жатқан оқиғалар туралы қате хабар таратқан. 

Сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар ынтымақтастықтың белгісі ретінде жұмысын тоқтататыны туралы ақпарат пайда болды.

Еске салайық, бұған дейін Астана қалалық полиция басқармасы мұнайшылардың ұсталуына қатысты түсініктеме берген еді. 

Талқылау