Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үндістанда екі басты нәресте дүниеге келді

Екі басты нәресте
Фото: x.com/@sanghamitra_jr

Үндістанның Одиша штатында екі басы бар нәресте дүниеге келді. Сәби жүктіліктің 32-аптасында туған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NDTV-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, нәрестенің екі басы мен екі мойны болғанымен, денесі біреу, сондай-ақ екі қолы мен екі аяғы бар. Сәби дүниеге келгеннен кейін Берхампур қаласындағы медициналық колледж ауруханасының жаңа туған нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөліміне жеткізілген.

Бұл – ерлі-зайыптылардың тұңғыш сәбиі.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай сирек кездесетін туа біткен даму ерекшелігі медицинада дицефалиялық парапаг деп аталады. Бұл – екі басты, бір денелі болып бірігіп дамыған егіздердің түрі. Нәрестенің несеп-жыныс жолы ортақ екені және сыртқы жыныс мүшелері ер балаға тән екені хабарланды.

Қазір дәрігерлер сәбидің денсаулығын жан-жақты тексеріп, алдағы емдеу шараларын анықтап жатыр. Мамандар нәрестенің жағдайын бағалау үшін алдағы бірнеше күн маңызды болатынын атап өтті.

Айта кетейік, денесі бірігіп туған егіздер өте сирек кездеседі. Мәліметтерге сәйкес, мұндай жағдай шамамен әр 300 мың босанудың бірінде тіркеледі.

Дәрігерлердің сөзінше, нәрестеге көрсетілетін медициналық көмектің көлемі оның ішкі ағзаларының құрылысына, жалпы денсаулық жағдайына және ықтимал асқынуларға байланысты болмақ.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 15:03