Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелдің миынан ұзындығы сегіз сантиметрлік құрт табылды

Құрт
Фото: QQ.com

Қытайда зейнеткер әйелдің миында ұзындығы сегіз сантиметрлік құрт анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігерлердің айтуынша, Гуандун провинциясының 61 жастағы тұрғыны ұзақ уақыт бойы денесінің ұюы, қалтырау және құрысу белгілерінен зардап шеккен, бұл симптомдар біртіндеп күшейе берген.

Аурудың нақты себебі бірнеше ай бойы анықталмаған. Бір күні невролог МРТ нәтижесін қарау кезінде қозғалып жүрген паразит қалдырған тән ізді байқайды. Осыдан кейін хирургтер ота жасап, әйелдің миынан ұзындығы сегіз сантиметрлік тірі құртты алып шыққан. Алдын ала болжам бойынша, бұл сирек кездесетін спарганоз ауруын тудыратын Spirometra таспа құртының дернәсілі.

Кейін науқас жұқпаның бала кезінде жұққан болуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, анасы тіс ауырғанда халық емін қолданған: бақаны ұстап, оның аяғын ауырған тіске басқан. Сонымен қатар әйел жиі қайнатылмаған бұлақ суын ішіп, тіпті жыланнан жасалған сусынды да татып көрген.

“Ақыры оның денсаулығындағы проблемаға не себеп болғанын анықтадық. Ота сәтті өтті, жағдайы айтарлықтай жақсарды”, – деді науқастың жұбайы.

Мамандар мұндай паразиттердің дернәсілдері адам ағзасына көбіне шикі су мен дұрыс өңделмеген тағам арқылы енетінін ескертеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 23:45