Қатаң шектеулер енгізілмейді – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде коронавирус инфекциясының таралу ауқымы кеңейе бастағанын және егер жағдай өршіп, өңірлер қызыл аймаққа өтетін болса, шектеу шараларының қайта енгізілетінін айтты. Алайда ол бұрынғыдай қатаң түрде болмайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр қазір елдің коронавирус инфекциясының алтыншы толқынына кіріп жатқанын айтты. Ол осыған дейінгі шектеу шаралары әр толқынның таралу қаупі мен вирус түрлеріне байланысты қолданылғанын ескерте отырып, алда жағдай күрделенсе шектеу шараларының да қайта енгізілетінін жеткізді.
“Деректер бойынша ең қиын болған ол – бесінші толқын. Шектеу шаралары бұған дейін аймақтарға, ауру санына байланысты енгізілді. Алайда оны орындамағандар да болды. Соның салдарынан бізге ауруды ауыздықтау қиындыққа соқты.
Енді алда өлім-жітім көбейіп, вирустың таралуы өршіп жатса, аймақ басшыларымен, кәсіп иелерімен, мемлекеттік органдардың басшыларымен, ведомствоаралық комиссияда ақылдаса отырып, шектеу шаралары жүзеге асырылатын болады.
Тағы да айтамын. Қазір инфекция өзгеріске ұшыраған. Әрі вирус жұқтырғандарда да ауру айтарлықтай жеңіл өтеді. "Қызыл" аймақта шектеу шаралары болады, бірақ қатаң емес”,- деді министр.
Сонымен қатар, Ажар Ғиният егер дүниежүзінің белгілі бір елінде вирустың бізде жоқ штаммы пайда болса, шекаралық шектеулердің де болатынын қоса кетті.