Қазақстанда заңсыз алтын іздеушілер құнарлы топырақ қабатын жойып жіберді

Абай облысында Жарма ауданы аумағында алтынды заңсыз өндіргендер ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бағалы металдарды барлау және заңсыз өндіру жүргізілген үш учаске анықталды. Заңсыз алтын өндірушілердің әрекетінен жердің құнарлы топырақ қабаты сылынып, топырақ жамылғысы зақымданды.
Арнайы операция нәтижесінде алтын түстес металл, кен жууға арналған жабдықтар, заңсыз өндіруге пайдаланылған арнайы техника мен автокөліктер тәркіленді.
Қазір оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау, заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі мен келтірілген залал мөлшерін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда күдіктілер екі жыл заңсыз алтын өндіріп, өзен арнасын өзгертіп жіберген еді. Жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып, күдіктілер екі жыл бойы тиісті лицензиясыз заңсыз алтын өндіріп, "Құлынжон" өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен.
Заңсыз әрекеттің салдарынан табиғатқа келтірілген залал көлемі 82 миллион теңгеден асты. Тексеру барысында ауыр арнайы техника – жүктиегіш, самосвал, экскаватор және өнеркәсіптік жабдық тәркіленді.
Оқыңыз