Ақтөбеде 5 жастағы аутизмі бар баланы қатарласы баспалдақтан итеріп жіберген: Анасы арнайы мектепті салғырттық танытты деп айыптады

Ақтөбедегі арнайы мектепте 5 жастағы аутизмі бар баланы қатарласы баспалдақтан итеріп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 25 маусым күні "Мозаика" арнайы мектебінде болған. Баланың анасының айтуынша, тәрбиеші балаларды баспалдақта қараусыз қалдырған, сол уақытта басқа бір бала оның ұлын итеріп жіберген. Бала қатты соққы алған, дәрігерлер баланың миы шайқалуы мүмкін екенін де айтқан.
Әйелдің айтуынша, мектеп әкімшілігі өрескел салғырттық танытқан. Басшылық жедел жәрдем шақырмаған, ал жарақат алған бала шамамен екі сағатқа жуық мектепте болған. Тек екі сағаттан кейін ғана болған жағдай туралы анасына хабар берілген.
ОқыңызСонымен қатар мекеме қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын беруден бас тартқан. Тек полиция шақырамыз деген ескерту жасалғаннан кейін ғана видеоны беруге келіскен.
Баланың анасы арнайы мектепке жан-жақты тексеріс жүргізуді, кінәлі қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды және оқу орнының білім беру лицензиясынан айыруды талап етуде.
Еске салсақ, бұған дейін Burger King Kazakhstan компаниясында жұмыс істейтін аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптағаны туралы жазған едік.