Автор жаңа басшымен жеке сөйлесуге тырысқан, бірақ бұл жағдай ештеңені шешпеген.
Кейін Жанат Қаратай өзіне компанияның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері жаңа менеджмент тарапынан еңбек құқықтарының бұзылуы немесе қысым көрген жағдайлар туралы хабарламалармен жүгінгенін айтты.
Фото: threads.com/@zhanat_karatay
Ол компанияның бұрынғы қызметкері деп танысқан адаммен хат алмасқандағы скриншоттарын жариялады. Хабарламаларда ұжымдағы өзгерістер дәл Ресейден жаңа басшылық келгеннен кейін басталғаны айтылған. Экс-қызметкердің жұмысқа немесе ұжымға ешқандай шағымы болмаған, бірақ кейіннен компания ішіндегі өзгерістерге байланысты жұмыстан кетуге шешім қабылдаған.
Оның айтуынша, жаңа басшылар қызметкерлермен танысу кезінде мейрамханаларды аралап, өздеріне жасалған еңбек шарттары мен жалақыларын ашық айтып, мақтанған.
“Олар жалақыларын, жұмыс шарттарын жасырмай айтып жүрді. Бұл ақпарат қарапайым қызметкерлер арасында өте тез тарады. Әрине, адамдарға ауыр тиді. HR болсын, басшылық болсын, айырмашылық жоқ. Барлығы өзін өзгелерден ақылдырақ сезінетіндей, тым менмен ұстайды”, – дейді ол.
Бұрынғы қызметкердің айтуынша, жағдайды ушықтырған тағы бір оқиға болған. Аймақтық басшы Сергейдің жұбайы жұмыс орнында Қазақстан мен қазақтарға қатысты қорлайтын мем жапсырған. Белгілі болғандай, ол да Ресейден келген, мейрамхана директоры болып жұмыс істеп, кейін қызметі жоғарылаған.
“Бұл мемді бір әріптесім Threads желісіне салып, шағымданды. Бірақ бізді қорқытып, шу шықпай тұрғанда жазбаны өшіртті. Осындай көзқарастан кейін көп адам шыдай алмай кетті. Мен үшін бұл жағдай өте ауыр. Қазір компанияның ішінде не болып жатқанына қатты қынжыламын, — деп түйіндеді бұрынғы қызметкер.
Фото: threads.com/@zhanat_karatay
Болған жағдайға қатысты Burger King мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді. Компания “Алибек Қаратай жұмыстан шығарылды” деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Қазір Алибек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ. 2026 жылдың 29 қаңтарында HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама келді. Содан кейін Алибек уақытша жұмысқа шығуды тоқтатты, бірақ компания белгіленген нысанға сәйкес ресми өтінішті алған жоқ.6 ақпанда қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға хабарласып, өзі жазған Алибектің жұмыстан шығу туралы өтінішті алып келді. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес мұндай өтініштерді қызметкер өзі келіп жазу керек”, – деп жазды компания.
Сондай-ақ компания бар шешімдерді, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысуды ұсынғанын атап өтті. Өздерінің әңгімеге ашық екенін, қызметкер және оның отбасымен келесі қадамдарды жұмыс форматында талқылауға дайын екенін жеткізді.
“Burger King Kazakhstan баршаға құрметпен қарау, тең мүмкіндіктер беру және кемсітушілікке жол бермеу қағидаларын үнемі ұстанады. Инклюзивті болу біздің корпоративті мәдениетіміздің маңызды бөлігі”, – делінген жазбада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменті оқиғаның мән-жайын зерделеп жатқанын мәлімдеді. Министрлік өкілдері еңбек заңнамасы аясында барлық фактіге құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Қазақстандықтар тамақтану желісіне жаппай байкот жариялап жатыр.
“Қазақ халқын қорлап, адал ұлымызды жұмыстан шығарып, Қазақстанды мазақтайтын мем жапсырып, ұлтты ешекке теңеген Burger King-ке толық байкот”, “Мен үшін Burger King жабық”, “Жабылсын”, “Сіздер клиенттеріңіздің қазақстандықтар екенін ұмыттыңыздар-ау деймін. Қызметкерлеріңіз де қазақстандықтар. Адамдарға неге мұндай қарым-қатынас жасайсыздар?”, “Қайда келгені белгісіз Сергей неге қазақстандықтарға заң соғуы керек”, – деп жарыса жазды желідегілер.
