"Бір отбасы болып өмір сүрген": Қазақстандықтың әкелік құқығы өзі қайтыс болғаннан кейін дәлелденді

Жамбыл облысында әйел азаматтық некедегі жұбайы қайтыс болғаннан кейін бірқатар қиындыққа тап болған. Сот әйелдің екі баласының әлеуметтік төлемдерді алу құқығын рәсімдеуге көмектесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысы Қордай аудандық соты арызданушының заңдық маңызы бар деректі анықтау туралы өтініші бойынша азаматтық істі қарады.
Арызданушы мен оның азаматтық некедегі жұбайы 2013 жылдан бері отбасы ретінде бірге тұрған. Алайда олардың некесі ресми түрде тіркелмеген.
2014 жылы олардың отбасында қыз бала дүниеге келсе, 2015 жылы ұл бала туған. Ресми неке тіркелмегендіктен, балалардың туу туралы құжаттарына әке туралы мәлімет енгізілмеген. Балалар анасының тегімен тіркелген.
Оқыңыз2024 жылы ер адам қайтыс болғаннан кейін балалардың азаматтық хал актілеріне әкелік туралы мәліметтерді енгізу қажеттілігі туындаған. Бұл әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеу және балалардың мүліктік құқықтарын жүзеге асыру үшін қажет болған.
Әйел азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына жүгінгенімен, ресми некенің тіркелмегеніне байланысты оның өтініші кері қайтарылған.
"Сотта куәгерлерден жауап алынды. Олар өтініш беруші мен қайтыс болған азаматтың ұзақ уақыт бойы бір отбасы ретінде бірге тұрғанын, балаларын бірлесе тәрбиелегенін және айналадағы адамдардың оларды ерлі-зайыпты ретінде қабылдағанын растады. Сондай-ақ марқұмның әпкесі де екі баланың өз бауырының балалары екенін растап, оның көзі тірісінде некені ресми тіркеуге үлгермегенін айтты", – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімімен әйелдің өтініші толық қанағаттандырылды. Әкелік дерегі заңды түрде белгіленіп, соның нәтижесінде заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді рәсімдеуге мүмкіндік берілді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйел алимент өндіру үшін өз қызын сотқа бергені туралы жазған едік.