Қазақстан мен Қырғызстан бір-біріне 49 жылға жер телімін береді

Қазақстан мен Қырғызстан Астана мен Бішкектегі елшіліктері үшін бір-біріне жер телімдері мен коттедждер береді. Тиісті заңды Сенат депутаттары мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасына сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан өз астаналарында елшілік орналастыру үшін ғимараттар мен жер телімдерін өтеусіз береді. Ғимараттар мен жер телімдері екі елдің елшіліктеріне және төтенше және өкілетті елшілердің ресми резиденцияларына беріледі.
"Заңның негізгі мақсаты – өзара түсіністік пен тең құқықтылық қағидаттары негізінде Қазақстан мен Қырғызстанның дипломатиялық өкілдіктерінің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау", – делінген құжатта.
Екі тарап та ғимараттар мен жер телімдерін 49 жыл мерзімге алады.
Осылайша, Қазақстан Қырғызстанға Астана қаласында елшілік салу үшін ауданы 0,74 гектар жер телімін және елшінің резиденциясы ретінде пайдалануға арналған 1267 шаршы метрлік жеке коттедж береді.
Ал Қырғызстан Қазақстанға Бішкек қаласында елшілік орналастыру үшін 0,75 гектар жер телімін және елшінің резиденциясы үшін 531 шаршы метрлік коттедж ұсынады. Әрбір ғимаратқа жеке аумақ қоса беріледі.
“Аталған жылжымайтын мүлік екі мемлекетте де барлық салықтар мен алымдардан босатылады. Ал ғимараттарды салуға, жөндеуге, күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге байланысты шығындарды әр тарап өзі көтереді. Бұл төлемдер қабылдаушы мемлекетте қолданыстағы тарифтер бойынша жүргізіледі”, – деді Сенат депутаты Андрей Лукин.
Бұған дейін Тоқаев Қазақстан АҚШ-қа 49 жылға жерді жалға беретіні туралы құжатқа қол қойған еді.
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңына қол қойды.
Келісім 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған. Ауданы 70 593 шаршы метр болатын жер учаскесі қосымша жалдау шарты жасалған күннен бастап 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Осы жалдау мерзімі үшін жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ доллар және ол осы келісім күшіне енген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде бір реттік төлем ретінде төленеді.
Оқыңыз