Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сотта айыпталушының адвокаты судьяға қарсылық білдірді

Ұлдана Мырзуан
Фото: Видеодан скриншот/Жақындарының архиві

Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өлімі ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

20 тамыздағы сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың жаңа қорғаушысы Меруерт Абаева судьяға қарсылық білдірді.

Адвокат айыпталушының мүддесін тек 20 тамызда бастағанын және қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыты болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, құжаттарды қарауға уақыттың жетіспеушілігі қорғаушының мүмкіндіктерін шектейді және Жұбаниязованың құқықтарын бұзады.

Сот отырысы үзіліске шықты. Судьяны ауыстыру туралы өтінішті басқа судья қарады.

Алайда сот оның өтінішін қабылдамады. Мәлімдеуінше, оның қарсылығында негіз жоқ және шағымы субьективті.

Сәуле Жұбаниязова – фельдшер Ұлдана Мырзуанның өлімі ісі бойынша айыпталушы. Оған Қылмыстық кодексінің 254-бабы “Адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерді тиісінше орындамау” бойынша айып тағылды.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 11:29