Алматыдағы Family Park саябағын бұзып, тұрғын үй салады деген ақпарат тарады: Әкімдік пікір білдірді

Алматыдағы ең танымал демалыс орындарының бірі Family Park-тің тағдыры қоғамда қызу талқылана бастады. Саябақ басшылығы нысанның жабылып, орнына тұрғын үй кешені салынуы мүмкін екенін айтып дабыл қақса, қала тұрғындары сүйікті демалыс аймағын сақтап қалуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде Family Park басшылығы өздеріне қатысты әкімдік пен жергілікті мәслихат тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, саябақ жабылып, оның орнына тұрғын үй кешені салынады деген қауесет тараған. Осыған байланысты саябақ өкілдері жұртшылыққа үндеу жасап, алаңдаушылықтарын жеткізді.
"Family Park-ке тиіспеңіздер! Family Park саябағының тағдыры қыл үстінде. Саябақты мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтеріліп жатыр. Көптеген алматылық үшін бұл жер балалық шақтың, отбасылық серуендердің, демалыс пен мерекелердің ажырамас бөлігі. Ұзақ жылдар бойы Family Park қала тұрғындары ең көп баратын демалыс орындарының бірі болып келеді", – делінген саябақ жазбасында.
Алайда Family Park әкімшілігіне аталған өтініштер мен шағымдардың ешқайсысы ұсынылмаған. Сондықтан олар шағымдардың мазмұнымен танысып, өз түсініктемелерін беруге мүмкіндік ала алмады. Отырыста саябақ орналасқан жер телімін пайдалану заңдылығы қаралғанымен, саябақ өкілдері талқылауға шақырылмаған дейді парк басшылығы.
"Бұған дейін де әкімшілікке ешқандай ресми талап немесе ескерту жолданбаған. Кейін ғана жалдау шартын бұзу туралы хабарлама берілген. Біздің жауапсыз қалған сұрақтарымыз бар. Неліктен 27 жыл бойы заңды деп танылған жалдау шарты енді ғана бұзылмақ? Неліктен саябақтың жағдайына қатысты әкімшілікке ресми ескерту немесе кемшіліктерді жою туралы талап жолданбаған? "Көптеген шағымдар" неге саябақ әкімшілігіне көрсетілмеді? Неліктен саябақ өкілдерінің қатысуынсыз оны алып қою мәселесі қаралды? Неліктен жалдау шартын бұзу туралы хабарлама мен сотқа талап арыз бір күнде берілді, дауды сотқа дейін реттеу рәсімі өткізілмей? Неліктен түрлі мемлекеттік органдар тарапынан саябаққа бірінен соң бірі жоспардан тыс тексерулер жүргізіле бастады?" – дейді саябақ басшылығы.
Әлеуметтік желіде қала тұрғындары да саябақты жабуға немесе оның аумағын өзгертуге қатысты бастамаға қарсылық білдіріп, оны сақтап қалуды сұрады. Олардың айтуынша, бұл отбасылық демалысқа арналған ең сүйікті әрі жайлы орындардың бірі.
"Саябаққа тиіспеңіздер. Бұл отбасымен және балалармен уақыт өткізуге арналған тамаша орын. Бағалары қолжетімді, ойын-сауық түрлері де жеткілікті", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Ал өзге қолданушылар Алматы әкімдігі мен мен "Amanat" партиясын белгілеп, жағдайға түсініктеме беруді сұрады.
"Біздің сүйікті саябағымызға тиіспеңіздер!", "Оның орнына тұрғын үй кешенін салғалы жатыр ма?" деген сауал қойды", "Жабайылар, жаңа саябақтар салмайды, барын жойып жатыр", "Мұнла тұрақты түрде түрлі іс-шаралар өтетін жайлы саябақ. Оны сақтау керек", "Саябаққа тиіспеңіздер! Қаладағы ең жақсы орындардың бірі, отбасылық демалыс үшін таптырмас мекен", – деп тұрғындар пікір білдірді.
Тұрғындардың басым бөлігі саябақтың қала тұрғындары үшін маңызды қоғамдық кеңістік екенін айтып, оны қазіргі қалпында сақтап қалуға шақырды.
Осы ретте редакция Алматы әкімдігінен саябаққа қатысты ресми пікір берулерін сұрадық. Шаһар басшылығы Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе басқа да құрылыс нысандары салынады деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, саябақтың мәртебесі өзгермейді, керісінше оны мемлекет меншігіне қайтарып, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде таралған Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе өзге де құрылыс нысандары салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, аумақ қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ ретінде сақталады және оның нысаналы мақсаты өзгермейді. Қазір саябақты мемлекеттік басқаруға қайтарып, кешенді түрде жаңғырту, абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымын жаңарту мәселесі қарастырылып жатыр. Осылайша, тұрғындар үшін қауіпсіз, қолжетімді әрі жайлы заманауи демалыс кеңістігін қалыптастыру көзделіп отыр", – деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Family Park-ті ұзақ жылдар бойы жалға алған тарап саябақты дамыту бойынша міндеттемелерін толық орындамаған. Осыған байланысты нысанды жаңартып, қала тұрғындары үшін қолайлы қоғамдық кеңістікке айналдыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Family Park – Алматыдағы ең ірі әрі көпшілік баратын демалыс орындарының бірі. Аумағы 13 гектарды құрайтын саябақ Әуезов ауданында, Абай даңғылының бойында, "Сарыарқа" метро станциясының маңында орналасқан. Кеңес дәуіріндегі 50 жылдық Октябрь атындағы саябақтың орнында 1990-жылдары қайта жасақталған нысан бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.
Саябақ аумағында 30-ға жуық аттракцион, аквапарк, боулинг, балалар ойын алаңдары, шағын хайуанаттар бағы, әскери техника көрмесі мен ашық сахна жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттік мерекелерге арналған концерттер, фестивальдер және түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар Family Park жасыл желегі мол серуендеу аймақтарымен және отбасылық демалысқа қолайлы инфрақұрылымымен ерекшеленеді.