Қазақстанның кей аймақтарында аптап ыстық басылып, бұршақ жауады

"Қазгидромет" 30 маусым мен 2 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның көп бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдағы үш күнде белсенді циклон мен оған байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ жаууы, желдің екпінді күшеюі күтіледі. Республика бойынша қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Күндізгі ауа температурасы батыс және солтүстік-батыс өңірлерде +18...+28 °C-қа дейін төмендейді, солтүстік өңірлерде +22...+30 °C болады. Оңтүстікте аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіліп, ауа температурасы +23...+35 °C аралығында болады.
Ал Қазақстанның шығысында, солтүстік-шығысында және оңтүстік-шығысында ыстық ауа райы әлі де сақталады. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы +30...+38 °C-қа дейін көтеріледі.
ОқыңызБұған дейін Маңғыстаудағы шаңды құйын тұрғындарды шошытқан еді. Бұған дейін метеорологтар Маңғыстау облысындағы шаңды құйындардың пайда болу себептерін түсіндірген еді. Олардың айтуынша, мұндай атмосфералық құбылыстар ауа райы ыстық, аспан бұлтсыз болған кезде, жер беті қатты қызғанда пайда болады. Температураның күрт өзгеруі салдарынан ауада құйын тәрізді қозғалыстар пайда болып, олар шаң мен құмды жоғары көтереді.