“Мен өлуім керек пе еді?”: Газ құю бекетінде өртене жаздаған қазақстандық әйел шығынды өтеуді талап етіп отыр

“T-Gaz” газ құю бекетінде болған өрттен кездейсоқ аман қалған ақтөбелік Динара Ибрашева бір жылдан бері әділдікке жете алмай жүр. Газ құю бекетінің алдында 23,5 миллион теңгенің көлігі күлге айналып, өзі бірнеше секунд ішінде сыртқа шығып үлгеріп аман қалды. Ақтөбелік әйел істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрайды. Себебі бір жыл тергелген істе бекет басшылығының жауапкершілігі мүлде қаралмаған дейді жәбірленуші. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылғы 20 шілдеде Ақтөбедегі “T-Gaz” газ құю бекетінде болған өрттен Динара Ибрашева аман қалды. Оның су жаңа Hyundai Santa Fe көлігі толықтай жанып кетті. Айтуынша, шығын көлемі – 23,5 миллион теңге. Алайда осы күнге дейін шығын өтелмеген және газ құю бекеті басшысының әрекетіне қылмыстық баға берілмеген.
“Өрт шыққанда мен көліктен небәрі 3-4 секунд бұрын шығып үлгердім. Егер ішінде отырғанымда, тірі қалмас едім. Директорды жауапқа тарту үшін мен міндетті түрде өлуім керек пе еді? Менің көлігім, құжаттарым өртеніп кетті. Сол күні қасымда үйде жөндеу жұмысын жасап жатқан жұмысшы болды. Ол тамақ пісіру үшін газ баллонды толтыруды сұрады. Жақын жердегі газ құю бекетіне бардық. Төлем жасадық. Газ баллоны көліктің жүксалғышында тұрған күйінде толтырды. Қызметкер баллонды сыртқа шығарған жоқ. Газ құйылған кезде алғашында көлікте отырдым. Арада бірнеше секунд өткенде сыртқа қайта шықтым. Сол сәтте бірден жарылыс болып, көлік өртенді. Мен ешкімді жазалау үшін емес, әділдік үшін күресіп жүрмін. Ертең мұндай жағдай тағы қайталанбас үшін кінәлілердің бәрі заң алдында жауап беруі керек”, – деді жәбірленуші Динара Ибрашева.
Еске салайық, оқиға 2025 жылы Ақтөбе қаласы Едіге батыр даңғылы бойындағы “T-Gaz” газ құю бекетінде болды. Қылмыстық іс бір жылға жуық тергеліп, биыл 19 маусымда сотқа жолданған. Жәбірленушінің айтуынша, айыптау актісі тек газ құюшыға қатысты қозғалған. Ол енді “T-Gaz” газ құю бекетінің иесі де жауапқа тартылуын талап етеді.
Жәбірленуші мен оның адвокаттары істі қосымша тергеуге қайтару туралы өтінішхат берген. Олар жанармай құю бекеті директорының әрекетіне құқықтық баға беріп, оны өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартуды сұрайды. Алдын ала сот отырысы 1 шілдеге белгіленген.
Динара Ибрашева жуырда Ақтөбеде басқа бір жеке газ құю бекетінде болған қайғылы оқиғаны да мысалға келтіреді. Ал сол іс бойынша бекет басшылығына қатысты бірден шара қолданылды. Үш адамның өлімінен кейін полиция газ құю бекетінің басшысын қамауға алды. Оқиға кезінде бір отбасының адамдары зардап шекті. Екі қызымен әйел тірідей жанып кетті. Денесінің 45 пайызы күйік шалған ер адам ауруханада жатыр. Дәрігер жансақтау бөліміне түскен науқастың жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Қазір палатаға ауыстырылған.
Оқыңыз“Есі анық, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап береді. Науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Инфузиялық, бактерияға қарсы және симптоматикалық ем қабылдауда, күнделікті таңу жүргізілуде. Дене қызуының жоғарылауына байланысты пневмонияны жоққа шығару мақсатында кеуде қуысының компьютерлік томографиясына жіберілді”,- деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Екінші іске қатысты да тергеу жүріп, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.