Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана – Павлодар тасжолындағы бетон жабындысы аптап ыстыққа шыдамай бүлінді

жол аптап ыстық
Фото: Видеодан скрин

Аптап ыстықтан бүлінген Астана – Павлодар тасжолын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

28 маусым күні мамандар Астана – Павлодар бағыты бойынша автожолдың 413-шақырымын тексеру барысында оның зақымданғанын анықтаған. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған аумаққа уақытша жол белгілері орнатылып, кейін жол қызметі жөндеу жұмыстарына кірісті. Жұмыс барысында бүлінген жол жабыны алынып, оның орнына қиыршық тас төселіп, асфальт-бетон қоспасы төселеді.

"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, бұған дейін бұл бағытта бетон плиталарындағы ішкі кернеуді азайту үшін компенсациялық жіктер кесіліп, жекелеген учаскелерде алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұған дейін аптап ыстықтан Қазақстанның ірі тасжолдарындағы бетон жабындылары бұзылып жатқаны туралы жазған едік.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, жаз мезгілінде ауа температурасы 36-38 градусқа дейін көтерілген кезде бетон плиталарға түсетін жылу жүктемесі артады. Мұндай жағдайда жол жабындысының ішінде кернеу күшейіп, деформация қаупі жоғарылайды. Осыған байланысты Ақмола және Павлодар облыстарында цемент-бетон жабындысы бар республикалық жол учаскелеріне бақылау күшейтілген.

22 маусым күні Павлодар облысында Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы республикалық автожолының Павлодардан Астанаға бағытындағы 342+500 шақырымында жоспарлы мониторинг барысында қауіпті учаске анықталды. Жол қызметінің мамандары цемент-бетон плиталарындағы ішкі кернеудің күшею белгілерін ерте кезеңде байқаған.

Stan.kz
Дүйсенбі, 29 Маусым, 2026 09:15