Тоқаев Грузия премьер-министріне І дәрежелі "Достық" орденін табыстады

Мемлекет басшысы Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі "Достық" орденін табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марапаттау рәсімінде Тоқаев Ираклий Кобахидзені еліміздің досы, көреген көшбасшы және өз ісіне берілген мемлекет қайраткері деп атады.
“Сіздің тегеурінді басшылығыңыздың арқасында Грузия ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп, азаматтарының әл-ауқатын арттырып келеді. Сонымен қатар халықаралық беделін нығайтып, аймақтағы негізгі серіктестердің қатарында ұстанымын күшейте түсті. Грузия қуатты әрі өркендеген ел ретінде жаңа биіктерді бағындырып, орнықты даму жолында алға қарай қадам баса беретініне сенімдімін”, – деді президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылық, сан ғасырлық достық пен өзара түсіністік байланыстыратын Қазақстан мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы көшбасшылық танытып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан Ираклий Кобахидзеге І дәрежелі "Достық" орденін салтанатты түрде табыстады.
Грузия премьер-министрі қызметіне жоғары баға бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Келіссөз қорытындысы бойынша Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе Қазақстан мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Екі елдің делегация мүшелері мынадай мемлекетаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Грузия Мәдениет министрлігі арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Грузия Экономика және орнықты даму министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Грузия Экономика және орнықты даму министрлігі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Астанада Грузия премьер-министрімен келіссөз жүргізгені туралы жазған едік.
Оқыңыз