Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досымен ойнап келемін деп кеткен: Ақмола облысында жеті жасар бала трансформатордағы тоққа түсіп, жан тапсырды

Жеті жасар Айсұлтан Жарқынның өлімі бүкіл Ақмола облысы Бектау ауылының халқын жинады. Өзі секілді досымен күнде ойнап жүрген жерінде өзгеше ойнағысы келді ме екен, Айсұлтан бұл жолы трансформатордың астынан өтемін дегенде,10 мың вольт соғып, басы темірге жабысып қалған. Денесі қап-қара болып күйіп кеткен баласын алып шығамын дегенде анасын да екі рет тоқ соғыпты. Ай-күннің аманында ер жетіп келе жатқан ұлынан айырылған отбасы "жауаптылар тым құрыса трансформатордың сыртын қоршап берсе" дейді. Ал жауаптылар болса, ауылдағы барлық электр желісі белгіленген тәртіпте, регламентке сай салынған деп міз бақпай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

трансофрматор

Зәмеш Амангелді сол кезде ұлының ақтық демі шыққанын түсіне алмай дал болған. Марқұм Айсұлтан Жарқын Зәмештің үшінші баласы, ұлының үлкені еді. Кенже ұлы 7-айлық. Кеше түс ауа Айсұлтан анасына: "Досыммен ойнап келемін" деп айтыпты. Балаларға кеткендіктен анасына жазым болып қалады ау деген ой келмеген. Бала жүрегі сезді ме екен, жуырда ғана "енді мектепке барамын, ойыншықтарыммен сен ойнайсың" деп бауырына аманаттапты. 

“Мама, мен қасыңа жатайыншы дей берді. Мен қойныңа жатайыншы деп. Сосын келді да, інісінің басынан сипап отырып: "Мына ойыншығым енді саған қалады ғой. Сен ойнайсың, иә?”деп сөйтеді. Мен сабаққа кіріп кетемін, ойнамаймын, үлкен болдым ғой деп інісіне қайта-қайта мен мынаны мына жерге жинап жүрмін деп шкафтың ішіне сала берді”, – дейді Айсұлтанның анасы Зәмеш Амангелді. 

Ойнап жүріп тоққа түскен Айсұлтанды ең бірінші жанындағы кішкентай досы көріп, үйіне жылап барған. Марқұмның анасы алып ұшып жеткенше бала қап-қара болып күйіп, шаштары сымдарға жабысып қалыпты. Бектаулықтар ауладағы ешбір трансфарматор қоршалмаған деп ашуланып отыр. Оқыста тоқтан ақау шығып, от жарқ ете қалса ауылда келе қалатын электрик те жоқ екен. 

“Үлкен арматура жерге қағылып, тоқ ұрған жағдайда жерге сіңіп кететіндей жағдай жасалмаған мында. 10 мың вольт! Мысалы 5-6 мың емес, 220 емес, 10 мың вольт! Қараңыздаршы, баланы жағып жіберген”, – дейді Бектау ауылының тұрғыны Еркебек Әбілханұлы.

“Қоршау керек қой бәрін! Ауылда бәрі ашық-шашық жатыр. Не биік болуы керек. Мынау енді жерден қарағанда 50-ақ сантиметр биіктікте тұр”, – дейді Бектау ауылының тұрғыны Нұрболат Смағұл.

Бала тоққа түсіп көз жұмды дегенді ести сала ауданнан прокурор, полициядан бастап, осы трансформаторға жауапты компанияның өкілдері келіпті. Сараптама жасау үшін баланың мәйітін Нұр-Сұлтанға жіберген. Қазір аудандық полиция Шортанды аудандық электржелілік үлестіру компаниясының үстінен қылмыстық іс қозғаған. Ал трансформатордың барлығы заңға сай орнатылғанын айтқан бас инженер "сыртын қоршауға міндетті емеспіз, қоршау үшін ешқандай заңдық талап жоқ" деп отыр. 

“Ол жерде өмірге қауіпті деген белгі тұр. Жақындауға болмайды. Трансформатордың сырты темірмен қапталған. Норма бойынша оны темір тормен қоршаудың қажеттілігі жоқ”, – дейді Шортанды аудандық Электр желілерінің бас инженері Андрей Саханенко. 

Егер электр желілеріне жауапты компанияны сот кінәлі деп тапса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал Айсұлтанның туыстары жауаптылар жазадан сытылып кете ме деп күдіктеніп отыр. 


Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй кешенінің лифтінде ер адамды тоқ соқты

Талқылау