Әлия Назарбаева, Баян Алагөзова мен Досхан Жолжақсыновқа жиын өткізгені үшін айыппұл салынды ма? Бекшин жауап берді
Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Әлия Назарбаева кітабының тұсаукесері мен Досхан Жолжақсыновтың 70 жылдығына орай өткен жиынға байланысты бірқатар адамға айыппұл салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, анықталған бұзушылықтар бойынша заңды тұлғаларға 250 миллион теңге көлемінде 724 айыппұл салынған. Ал жеке тұлғаларға 5 699 айыппұл арқалаған, бұл 252 миллион теңгені құрады.
“Заңсыз жиын өткізгені үшін "Ариал" гольф клубының басшысына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 670 мың теңге айыппұл салынды. Бұл жерде 9 қазанда алты мыңнан аса адам жиналған пикник болған. Бұл жиынды ұйымдастырған адамға 87 мың теңге айыппұл салған”, – деді Бекшин.
Сондай-ақ, оның айтуынша6 Досхан Жолжақсыновтың мерейтойы өткен "Svetlana" мейрамханасының иесіне 670 мың теңге айыппұл салынды.
“Абай атындағы опера және балет театрында "Место силы" кітабының тұсаукесеріне байланысты театрдың директорына 670 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Баян Алагөзова да "Le Dome" мейрамханасында жолдасының туған күнін тойлаған. Мейрамхана иесіне дәл осы мөлшерде айыппұл салынды", – деді Бекшин.
Айта кетері, қыркүйекте Қазақстанның тұңғыш президентінің кенже қызы Әлия Назарбаева Абай атындағы опера және балет театрында "Место силы" кітабының тұсаукесерін өткізді.
"Алматының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және басқармалардың мамандары мониторинг топтарының құрамына кірмейді. Сондықтан мониторинг топтары бізге жеткізген ақпаратты қарап, айыппұл сала аламыз. Өз бетімізше нысандарға барсақ, бұл жемқорлыққа айналады", – деді қаланың бас санитар дәрігері.
Бұдан соң тілшілер Жандарбек Бекшиннен жаппай жиынды ұйымдастырған әрі қатысқан танымал адамдарға айыппұл салынды ма деп сұрады. Мысал ретінде президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Қазақстанның тұңғыш президентінің кенже қызы Әлия Назарбаеваны атады.
"Ұйымдастырушылар мен жиын өткен нысан иелеріне айыппұл салдық. Біз тек қала бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деп жауап берді Бекшин.