Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димашты сынға алған журналист: Егер бағдарламаның толық нұсқасын көрсетсе, Димаштан кешірім сұраймын

Қазақстандық блогер, журналист Перизат Мырзахмет Димаш жайлы жазған жазбасы үшін талқыға түсті. Көпшілік Димашты сынаған блогердің өзін жерден алып, жерге салды. Перизат Мырзахмет бұл ретте ойын ашық айтып, түсіндіруге тырысты. 

Бұл туралы блогер Нұрсұлтан Құрманмен болған сұхбатында айтты.

Айта кетейік, Димаш ресейлік бағдарламаның бірінде қонақ болды. Бағдарлама қонақтары Димашты сынға алған қазақстандық продюсерлер мен музыканттарға көңілі толмағанын жеткізген еді. Перизат Мырзахмет қазақты көрші ел алдында жексұрын етіп көрсеткені үшін Димашқа ауыр сөздер жазды

Перизат ханым Димаштың жеке басын құрметтейтінін, алайда өзге ел алдында қазақты "тізе бүктіргені" артық болғанын айтады. 

Көпшілік журналистің әрекетін өзін танытудың амалы, хайп деп топшылады. Ал блогер арзан жарнамаға мұқтаж емес екенін айтып ақталды.

"Мен Димашты жақсы көрем. Шілде айында әншілердің арасынан отшашу туралы Димаш жазған еді. Блогерлерден мен жаздым. Димашқа "еркек екенсің" деп қолдау көрсеттім. Қытайда қазақ әнін шырқағанда да мақтадым. Оны ешкім көрмеді. Менің бармақтай жазған жазбамды көріп қалды. Ресей қазақтарды сынап отыр. Димаш өз ұлтын төмендеткен адамдардың аузын жауып тастауы керек еді. Олай еткен жоқ. Мүмкін жас шығар. Мүмкін сасқалақтап қалған шығар. Мүмкін тәжірибе жетіспейтін шығар. Мүмкін өзі айтқандай шынында да монтаж жасалған шығар", - деді ол. 

Перизат Мырзахмет ресейлік музыканттар қазақ продюсерлерін сынға алатындай жағдай емес деп санайды. 

"Басков деген кім, Малахов кім? Басковтың өзі әркіммен бір төбелесіп хайп жасап жүрген адам. Сөйтіп отырып Бағым Мұхитденованы даттайды. Бағым ең мықты қазақстандық продюсерлердің бірі. Біз Ресейдің адамын шақырып алып, ресейлік музыканттарды солай жамандай аламыз ба? Бізге жамандатып қарап отыра ма? Неге басқа ел бізді өзімізге жамандап отырады? Менің ашуланғаным сол. Егер Димаштың сөзін шынында да  қиып тастаған болса, онда бұл менің кінәм. Димаштың қазақстандық продюсерлерді ақтағанын айтқан видеоны көрсем, барлық сөзім үшін кешірім сұраймын. Маған жан-жақтан хабарласты. Басшыларыма дейін жазбаңды алып таста деді. Мен көнген жоқпын. Алмаймын дедім. Себебі ол менің азаматтық позициям. Менің ұстанымым. Ол мақала емес. Ол жай ғана менің ойымды білдіретін жазба", - деді блогер. 

Блогер қыздың айтуынша, қазақ көрші елге бағынышты емес және ондай ойдан арылу керек. 

"Маған хайп керек емес. Мен намазымды оқып, өз жолымда жүрген адаммын. Желідегідей өтірік жарнама жасап, ақша таба аламын. Төсек қатынасы туралы немесе әртістердің қайсысы кіммен "жүретінін" айтып, миллион оқырман жинап ала аламын. Бірақ маған оның керегі жоқ. Біз қазақ ешкімнен артық емеспіз, ешкімнен кем емеспіз, біз басқамыз. Соны түсінсек екен", - дейді Мырзахмет. 

Талқылау