Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағым мен Ринатта кеткен өкпеңді айтамын деп тұтас елді тізе бүктірдің": Белгілі журналист Димашты сынға алды

Қазақстандық журналист Перизат Мырзахмет Димашты сынға алды. Өзін сынаған сыншылар жайын айтам деп бүкіл қазаққа кір келтірдің деп айыптады. Алайда әншінің жанкүйерлері Димашты жақтап шықты. 

Димаш ресейлік бағдарламалардың бірінде қонақ болды. Онда бірнеше жыл бұрын Димашқа сын айтқандар туралы айтылды. Ресейлік әншілер сыншылардың өзін сынап, мазақ етті. Журналист мұндай әңгіменің өзге елде айтылуы орынсыз деп санайды. 

"Өкпелі баланың өлеңі. Эх, Димаш... Сен Бағым мен Ринатта кеткен өкпеңді айтамын деп тұтас елді тізе бүктірдің ғой. Ас үйде айтатын ренішіңді атасы басқа, мақсаты басқаның алдында жырлағаның қай сасқаның? Басков пен Лазарев, Малахов жаны ашып айтты деп арқаңның қышуы қанды ма? Әлі баласың, бала болған соң шаласың.

Қытайдың төрінде «Самалтауды» айтқан баланың басы бар шығар деп сендім. Сөйтсем сенген қойым кебек бергеннің үйіне қарап күйсеп жүр екен ғой.

40 жыл бұрын болған «Саз әлемі», өзің айтқандай 17 жасыңда болған ескі боқта Бағым Мұхитдинова 100% дұрыс айтты. Дауыс қабілетің мен арзанқол ән екі жақта лағып жатты. Құлағы бардың бәрі естіді. Ол кезде сенде не тәжірибе, не сенім, не қолдау жоқ еді. Құдайдың берген талантына сеніп шығып едің сахнаға. Шикі едің. Рас, Ринат Зайытов езді. «Қатындауысты еркек» деп өзінің сексистік биігінен айтты. Онымызды қателік деп мойындадық. Сен әлі өкпелісің.


Меруерт Түсіпбаева Димашты сынағандар туралы: Қазір кім көрінген әділқазы мен сыншы болатын болды


Қытайға барған Димаш басқа Димаш. Жұмыс істеген, дайындалған, бәленбай маманның көмегімен стилі мен мәнерін өзгерткен, толысқан әнші болдың. Әлем сені солай таныды. «Саз әлеміндегі» шикі күйіңмен барсаң, сол кездегі әндеріңді айтсаң, итше талап, мазаққа айналдырар еді... Мәселе сенің талантыңды танымаған қазақта емес, елімізді шірітіп жатқан жемқорлықта еді. Сені сүйкімді шығарар стилист пен вокалистер бізде де бар, алайда оларда ондай қаржы мен уақыт жоқ. Өз қотырларын өздері қасып жүрген жандар.

Қайсыбірін айтайын... Таң атпай адамды жылатып қойдың ғой. Жерімізге көзін алартып, «көкелігімді танытам, тіземді батырам» деп отырған елге барып басыңды иіп келдің. «Сол сынның арқасында өстім, енесі тепкен құлынның еті көгермейді» деп Бағымды емес, еліңді қорғасаң азамат болар едің. Бірақ сен әлі өкпенің өлеңін айтып жүрген баласың.

Маған дайректе негелеп жатқандар, шынымен түсінбейсіңдер ме? Шынымен ойланбайсыңдар ма? Шынымен сонша таязсыңдар ма?", - деп жазды Перизат Мырзахмет. 

Алайда әншінің тыңдармандары Димашты жақтап шықты. 

"Сөзі, жөні түзу блогер ме десем, пікір жазғандарға "қанден, кет ары" деп былапыт сөз жазғаныңа қарап, деңгейің енді түснікті болды деп отырмын. Өтірік патриот болып мүләйімсіген сен сияқтыларды қайта пілге үрген қанден дейді. Адамнан мінсіздік талап ету қазақ қоғамының ауруы ғой. Сенің де өрең белгілі болды. Димашқа тіл тигізу үшін өреңді өсіре ғой, жалғаннамысшыл қыз".

"Перизат ханым, бұл бір түсініспеушілік жағдай болған. Димаш видеоға комментарийінде бұл кісілердің еңбегі жайлы айтты, айтып та жүр. Бірақ рейтинг жинау үшін жасалатын монтаж өз жұмысын жасап отыр. Димаштың біраз сөздерін қиып тастаған. Контекстен ажыраған ой отандастарын келеке еткендей көрінсе, бұл Димаштың кінәсі емес".

"Димаш ондай бала емес. Еш арамдығы, жаман ой жоқ. Қазақ десең өледі. Мынандай шоу провокация жасайды. Алдын ала ескертпей өздері көрсеткен бұл видеоны. Бізде де осындай ток шоу жетеді. Бірінші шақырғанда бір келісім болады, ал түсірілім кезінде адамды кемсітуге бастайды".

"Тапсырыспен жазылған жазба ғой мынау. Бағым Мақсатқыздарын ақтаудың жолы", деп жазды желідегілер.

 

Талқылау